27 маусымда «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы кеңсесінде балабақшаға жолдама берудегі даулы мәселеге байланысты құрылған сараптама тобының отырысы болып өтті.
Естеріңізге салсақ, маусым айынының басында балабақшадан орын алулары тиіс ата-аналар қалалық білім бөлімі шығарған тізімнен өрескел қателіктер тапқан: тізімде неге екені белгісіз қазірдің өзінде балабақшаларға барып жүрген балалардың аты жүрсе, кейбір баланың аты-жөні бірнеше рет қайталанып жазылған («Алауыздық тудырған тізім»). Наразы болған ата-аналар барлық инстанцияларға шағымданды. Сол кезде құрамына депутаттар, «Нұр Отан», Коммунистік халықтық партияларының өкілдері, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері енген сараптама тобы құрылды.
Бүгінде Атырауда 35 мемлекеттік, 11 жеке және 1 ведомстволық балабақша бар, онда 13034 бала тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар, 56 мектеп жанынан 1609 орындық шағын орталықтар ашылды. Ал кезекте 21300 бала тұр.
- Мемлекеттік стандарттарға сәйкес, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар балаларын балабақшаға кезексіз беруге құқылы. Бұл ережелер 2011, 2012 жылдары туған балаларға қатысты сақталған, ал осы отбасылардың 2008, 2009, 2010 жылдары туған балалары жалпы тізімге қосылған. Қолымызда ата-аналардың шағымдары бар,- деді қалалық мәслихаттың депутаты Бақтыгүл ХАМЕНОВА. – Сонымен қатар, кейбір отбасылар сақтық үшін бір бала атынан әр түрлі мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінебірнеше өтініш жазған: анасы бір балабақшаға, әкесі келесіге, әжесі үшіншіге арыз берген. Өткен жылы берілген жолдамаларды алмаған жағдайлар да анықталды. Ол кезде баланы әжесі қараған екен, ал қазір ол кісі аздап сырқаттанғаннан кейін, жолдама естеріне түскен.
Қалай болғанда да, тізімді әзірлегенде көп қателіктер жіберілген. Комиссия қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат СҰЛТАНҒАЛИЕВҚА кінәлілерді еңбек кодексіне сәйкес жазалау керек деп ұсыныс жасады. Жаңа тізім тәжірибелі маман Гүлнар Жолмұханованың жетекшілігімен жасалды. Ол мектепке дейінгі тәрбие бөлімінде көп жылдар бойы жұмыс жасап, кейін бір жылға басқа жұмысқа кетті, енді міне, 11 маусымда бұрынғы лауазымына кері оралып, өзіне жақсы таныс іске кірісті.
Жаңа тізімдегі орын саны өзгерген жоқ. Биыл 4173 жолдама беріледі, соның ішінде 247 орын көп балалы, 25 орын аз қамтылған отбасылардан шыққан, 48-і әскерилердің балаларына бөлінеді. Алдыңғы кезекте 2011 жылы берілген өтініштерді қанағаттандыруға тырысты.
- Жолдамаларды беру 1 шілдеде басталады және кезеңдермен үлестіріледі: кезек қалыптаспас үшін бүгін бір балабақшаға, ертең басқасына береміз,- деді Г. Жолмұханова.
Ал балабақша топтарында балалар санының артығымен алынуы мәселесіне келсек, мұны бүгінде және алдағы бірнеше жылда басқарушы партия да, басқа да шеше алмайды. 2009-2012 жылдар аралығында Атырау облысында 30994 бала дүниеге келген. Бұлардың барлығына балабақшадан орын керек. Мамырда мектепке дейінгі тәрбие мекемелері 2192 баланы шығарды, ал жолдамалар екі есеге артық беріліп отыр. Тізімді қысқартатын болсақ, тағы да ата-аналар наразылығы күшейеді. Бүгінде қалаға кемінде 320 орындық 20 балабақша керек дейді мамандар.
Әзірге, отырыста хабарлағандай, Нұрсаяда 280 және 320 орындық екі балабақша, Геологта 165 орындық, Атырау ықшамауданында 160 орындық, қала сыртындағы Жұмыскер, Көкарна, Тасқала, Екінқала ауылдарында 280 орындық, Самал ықшамауданында 290 орындық балабақшалар ашылады деп күтілуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА