– Биылғы жылы біз балабақшаға жолдама алдық, қазір №2 қалалық емхананың Тұрғын үй қалашығындағы филиалынан дәрігерлік тексеруден өтудеміз. Әдеттегі тапсырылатын анализдерден басқа бізге «Сұңқар» зертханасына көк тамырдан әлдебір анализ үшін қан тапсыруды сұрады. Ол қандай анализ, оны не үшін тапсырамыз деген біздің сауалдарымызға емханада түсінік бермеді. Бұған қатысты балалардың тамырынан сырқат балалар үшін керекті қанды алады екен деген алып-қашпа әңгіме бар. Оның қандай анализ екендігін білсек деп едік?
Вероника Игнатьева
Ата-ананың сауалына қалалық №2 емхана филиалының аға медбикесі Нұрсұлу ЖҰМАҚҰЛОВА жауап берді:
–Ата-ана айтып отырған анализ бойынша алынатын балалардың қаны сырқат балаларды емдеуге қолданылады деген жалған әңгіме. Ондай болуы мүмкін емес.
«Сұңқар» зертханасына анализ тапсыруға дәрігер жіберген балалар ғана барады. Мәселен, бұрын кім вирусты гепатитпен ауырған болса, міне, сол балалар барады. Тамырдан қан тапсыруға балалардың барлығы бірдей жіберіліп жатқан жоқ.