Атырау, 21 желтоқсан 13:05
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ж. Жұмабеков:«Жетістікке жету үшін рингке көп шығу керек»

5 123 просмотра

Өткен жылдың ортасында бокстан облыстық жасөспірімдер құрамасының тізгінін Шымкенттен келген Жандос ЖҰМАБЕКОВ ұстады. Біз оған бірнеше сұрақ қойдық.


«ЖС» дереккөзі:
Жұмабеков Жандос Нұрланұлы,
30 жаста, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2006 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Жақсыбай Өтембаевтың шәкірті (ОҚО).

- Мен келместен бірнеше жыл бұрын Атырауда Қазақстан чемпиондары болған жоқ. Мен жұмыс бағытын өзгерттім. Өткен жылдың аяғында біз облыс чемпионатын өткізіп, талантты балаларды іріктеп алдық, барлығын Атырауға жинап, тегін баспана, тамақпен қамтамасыз етіп, күш сала жаттығу жасадық. Қаржыландыруды облыстық бокс федерациясы өз қолына алды. Нәтиже көп күттірмеді. Өткен жылы Атырау қаласынан Азамат Жиентаев, Ганюшкиннен Мерей Құрманғазы, Доссордан Расул Сатанов Қазақстан чемпионы атанды. Қазір олар Қазақстан құрамасы сапында Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Үстіміздегі жылдың наурызында Оралда өткен 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстанның аймақтық біріншілігіне Атыраудан 35 бала қатысты. Олардың 11-і финалға шығып, жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. Аманжол Бекболатұлы, Мейірбек Байболов, Елболсын Қайреден, Асланбек Нұғмашев, Дархан Нығматуллин, Дархан Эдуардұлы, Еламан Рахметолла, Альберт Набидоллаев, Дарын Серкебай, Аят Айтқалиев және Асхат Амангелдиев көзге түсті.

Мамыр айында олар Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында өткен Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңіне қатысты. Өз салмақ дәрежелерінде А. Айтқалиев, Е. Рахметолла және А. Нәбидоллаев күміс медаль алса, Д. Серкебай мен Е. Қайреден қолаға қол жеткізді. Бұл жетістікке құрамамыздың облыстық федерацияның қаржыландыруымен Шымкент қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқаны үлкен себепші болды.

Сәуірде командамыз Арыс қаласында өткен халықаралық турнирге қатысып, алты спортшымыз - Аманжол мен Ахмет Бекболатұлы, Бағлан Лабихан, Д.Серкебай, А.Айтқалиев және Д.Нығматуллин жеңімпаз атанды.

Қараша айында 1999-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында тағы бір аймақтық Қазақстан чемпионаты өтеді деп күтілуде. Ал, чемпионаттың финалдық кезеңінде әлем чемпионатына бару жолдамалары сарапқа салынады. Жоғарыда атап өткен шәкірттерім осы жарыстарда мен үйреткен бар өнерлерін көрсетіп, жетістікке жетеді деп үміттенемін.

- Облыстың жасөспірімдер құрамасынан ересектер құрамасына өткен спортшыларды атаңызшы.

- 1996 ж.т. Амандық Манашев, Оразбек Тайшиев және Мирас Нығметов биыл ересектер құрамасы қатарына қосылды. Амандық пен Оразбек Ақтөбе қаласында ҚР спорт шебері Андрей Еськинді еске алға арналған халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті.

-Облыстық бокс федерациясы қандай көмектер көрсетіп жатыр?

- Федерацияның қаржысымен біз Алматыға, Шымкентке, Астана мен Оралға оқу-жаттығу жиындарына бардық. Баларға ең алдымен тәжірибе керек. Қанша айқас өткізсе, соншалықты шеберліктерін шыңдайды. Құраманың көпшілігін аудандардан келген балалар құрайды. Олар «Інжу-Маржан» шипажайында жатады, тамақтары жақсы, «Атырау» ДСК-інде жаттығу жасайды. Шілдеде 15 баладан құралған облыс құрамасы Алматы түбіндегі тау бөктерінде орналасқан демалыс лагеріне барады. Содан кейін біз Өзбекстан мен Ресейге халықаралық турнирлерге қатысуға барамыз.

Федерация спортшылар үшін қолғаптар, соғу қаптары сияқты спорттық құралдар мен жабдықтарды үнемі алып беріп отырады. Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында биыл бокс үйірмесі ашылды. Сол жаққа біз 8 жұп қолғап, 3 соғу қабын жібердік. Мақатта, Доссорда, Құлсарыда, Ганюшкинде, Аққыстауда және Махамбетте бокс топтары бар. Барлығы да спорттық құралдармен жақсы қамтылған.

- Шәкірттеріңіз көрсетіп отырған жетістіктердің басты құпиясы қандай?

-Еш құпиясы жоқ: балалар жарыстар мен жиындарға жиі бара бастады. Шымкентте жаттықтырушылар жұма сайын автобус жалдап, Ташкентке жарыстарға алып баратын. Құрыш осылай шынығады...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.