Баскетбол және басқалар
Лисаковск қаласында өткен мини-баскетболдан ел чемпионатында атыраулықтар алтын және қола жүлдеге қол жеткізді.
Баскетбол матчтарымен қатар биден, жүзуден, ұзындыққа секіру, капитандар байқауы сияқты сайыстар өтті. Атырау қаласы атынан чемпионатқа белгілі жаттықтырушы Анатолий Максимович Лысяк (суретте)жетекшілік ететін 2002-03 және 2004-05 ж.т. балалар командалары қатысты. Қорытындысында кіші топ 1-орын алып, жоғары топ 3-орын иеленді.
–Жоғары топта капитан Темірлан Қуанышев үздік ойыншы болды, – дейді А. Лысяк. –Жарыс соңында ол ауырып қалып, капитандық белгіні Алмас Айтқалиевке тапсырды. Ал, ол сенімді ақтап, капитандар байқауында жеңіске жетіп, командаға 3-орын алып берді. Ал, кіші топта команда капитаны Қанағат Дастан өте жақсы өнер көрсетті, жалпы, барлық балалар жарады.
Ойыншылар мен жаттықтыру-шылар Төлеген Нұрланұлы Балғымбаевқа («Іскер» консорциумы» ЖШС) және Нұрсиса Қабылұлы Қабыловқа («Алау-құрылыс» ЖШС) жарыс жол сапарын қаржыландырғаны үшін алғыс айтады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Мини-баскетбол – 13 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын. Оны 1948 жылы американдық мұғалім Джей Арчер ойлап тапқан. Ережелер «үлкен» баскетболдағыдай, алайда, доп жұмсақ және қоржын төмендетілген.
Ыстық ықылас
«Мұнайшы» стадионында Журналистер одағы облыстық филиалының бастамасымен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай мини-футболдан турнир өтті.
Президент жарлығына сәйкес, бұл кәсіби мереке 2012 жылдан бастап 28 маусымға белгіленді (бұрын айдың соңғы жексенбісінде тойланатын). Жарысқа бес команда қатысты. Жақсы дайындықпен келген «Ақжелкен» командасы топ жарса, облыстық теледидар қызметкерлері екінші, «Ақ Жайық» газеті үшінші орынға ие болды. Сенбі күнгі аңызақ ыстыққа қарамастан «Атырау-Ақпараттағы» футбол сүйер қауым мен аудандық газеттер құрамасы да жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
«Атыраудың» ірі жеңісі
22 маусымда «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 17-туры матчында «Атырау» 3:0 есебімен «Таразды» ойсырата ұтты.
Барлық голдар бірінші таймда соғылды. 16-шы (пенальти) және 37-ші минутта соғылған екі голды алаң иелерінің серб шабуылшысы Милош ТРИФУНОВИЧ өз атына жазса, ойынның 44-минутында «Атыраудың» нигериялық қорғаушысы Майкл ОДИБЕ көзге түсті.
***
Суда жүзген балықтай
Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен «Ривьера» спорт кешенінде және Жайық өзенінде мектеп және колледж оқушылары арасында жүзуден, байдаркада және каноэде есуден VII облыстық спартакиада өтті.
Жүзуден жасөспірімдер арасындаСергей Вашурин үздік болса, қыздар арасында Алла Ерофеева жеңіске жетті. Түрлі қашықтықта есуде Герман Карташов, Ахмет Азамат, Андрей Бакиров және Дамир Қойлыбаев жеңімпаз атанды.
***
Ата-аналар еңбегі зая кетпеді
Шымкентте 2000-01 және 2002-03 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті.
Облыс құрамасы сапында 2-БЖСМ (дир. С. Қасанғалиев) мен «Сұлтан Бейбарыс» спорт клубының (дир. Ермұханов) 25 шәкірті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысында Әділбек Хайруллин (42 келіге дейін), Сәлімжан Сәлімгереев (48 келіге дейін) (суретте)және Аманат Сабырғали (70келіден жоғары) чемпион атанды. Диас Теміров, Асыланбек Жолдасқалиев және Нұрберген Мұхамедьяров «күміс» иеленді.
Тимур Ким, Бекзат Шәкібаев, Серікжан Сәлімгереев, Аян Шамболов және Жандарбек Кисимов «қола» алды.
Сәлімжан Сәлімгереев «Үздік техникасы үшін» сыйлығы мен «Турнирдің үздік спортшысы» атағына ие болды.Ол осымен үшінші рет ел чемпионы болып отыр. Команданы жаттықтырушыларЕрлан Сахипов, Данияр Юсупов, Рүстем Қисметов, Қуанышбек Қосақов жәнеГеоргий Волынский дайындады. Спортшылар мен олардың ата-аналары жарыс жол шығындарын қаржыландырғаны үшін ата-аналар комитеті мен Диастың әкесі Қамбар Теміровке алғыс айтады.
***
Болашағы бар бала
Павлодар облысындағы Баянауылда 23 жасқа дейінгі жастар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты өтті.
Жарыста АМУ-дің 1-курс студенті 17 жасар Алмаз Мұратоллаев сәтті өнер көрсетті. Екі белдесуде жеңіске жетіп, ол жартылай финалда керекулік палуанға есе жіберіп қойды. Содан кейін «қола» жүлде үшін болған айқаста астаналық спортшыдан айласын асырды. Болашағынан үміт күттіретін баланы 2-БЖСМ-де Ербол Әділбаев жаттықтырады.
***
Кореяға бармайтын болды
Алматыда Қазақстан таэквондо федерациясының кубогы (WTF нұсқасы) сарапқа салынды.
Бас жүлде мен Оңтүстік Кореяда өтетін Азия ойындарына жолдаманы Атырау облысы құрамасынан ешкім ұта алмады, қоржында тек «күміс» пен «қола». Айгүл Елубай (73 келіге дейін) мен Жұлдыз Бүркітова (73 келіден жоғары) екінші орын алса, Айдана Оразғалиева (53 келіге дейін) үшінші орынға табан тіреді.
Сонымен қатар, командалық сайыста Атыраудың ерлер құрамасы «қолаға» қол жеткізді. Тағы бір жаңалық: ҚР Таэквондо федерациясы қазылар алқасының төрағасы болып атыраулық жаттықтырушы Асқар Тоқтабаев сайланды.
***
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ