Нұрсая ықшамауданында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын Заманауи техникалық гимназияның жаңа ғимараты құрылысының тоқтап қалғанына бір жылдан асты. Оның себебі неде? «АЖ» сұрақтарына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ жауап берді.
- Құрылыс қашан аяқталуы тиіс? Жұмысқа тапсырыс беруші мен мердігерді атасаңыз.
- Бастапқыда жоспарланған құрылыс мерзімі – 2012 жыл-дың қазаны – 2014 жылдың қарашасы. Құны - 1 млрд 880 млн теңге. Қаржыны «Теңіз-шевройл» бөледі. Бас мердігер - «Капитал» ЖШС. Жобалаушы – «Спецстройпроект» ЖШС.
- Құрылыс неліктен тоқтатылды?
- 624 орындық гимназия ғимаратын салу жұмыстары 2013 жылдың наурызында жерасты қабатында қиындықтар туындағандықтан қосымша геологиялық зерттеулер мен іргетас бөлігі бойынша жобалау құжаттамасына түзету жүргізілгенге дейін тоқтатылды.
Тағы бір едәуір себеп – нысанның қымбат болуы. Егер бюджет ақшасына Нұрсая ауданынан 624 орындық осындай мектептің құрылысын жобаласа, ол анағұрлым арзанға шығады. Сондықтан бұл ақшаға «Теңізшевройлдың» бір емес, екі мектеп салуына болар еді.
Облыс әкімдігі өткен жылдың 11 қазанында кеңейтілген үкімет отырысында айтылған мемлекет басшысының негізсіз қымбат тұратын нысан салуға жол бермеу туралы тапсырмасына сәйкес, осы нысан құрылысының құнын азайту талабымен ТШО-ға әлденеше рет шықты.
- Гимназия құрылысы қашан жалғасады?
- Жоғарыда айтылған проблемалар шешілген кезде мерзімдер де белгіленеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ