Атырау, 22 қараша 16:08
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Джо Дассен Атырауда

2 103 просмотра

20 маусымда «Ренессанс» қонақ үйінде Атырауда Францияның құрметті елшілігінің ашылу рәсімінің ресми бөлігі белгілі әнші Джо ДАССЕННІҢ ұлы Джонатан ДАССЕННІҢ (суретте) өнер көрсетуімен аяқталды.

«МУЗЫКАМЕН ШҰҒЫЛДАНУ - ӨЗ ТАҢДАУЫМ»

Ашық және күлімсіреп жүретін Джонатанның түр-тұлғасы да, киіну әдебі де, өлең айту стилі де өз әкесіне көп ұқсамайды. Ол осы ұқсастықтан қашатын да сияқты. Қысқа толқындай иірілген шаштары, жеңінің ілгегі салынбаған, еркін жіберілген көйлегі, регги, джаз және рок элементтері бар миксті әуен. Сондай-ақ, түрі «ұшатын тәрелкеге» ұқсас, дыбысы таңғажайып аспапта ойнауы жан тебірентеді. Алайда, бас-аяғына көз алмай қарап, атақты әкесімен аз да болса ұқсастықты іздеп отырғанымды аңғардым. Ақ жарқын, бірақ аздап мұң бар жүзі, теңдесі жоқ француз тартымдылығы және жүректі шымырлатар, көзге жас үйіретін әндері... Джо Дассен менің есімде осылай қалған еді. Бірнеше әнін орындағаннан кейін жұртшылықтың нені күтіп отырғанын сезген Джонатан әкесінің белгілі «Et si tu nexistais pas» әнін шырқағанда, бала кезімнен жақсы таныс мәнер мен бейнені аңғарғандай болдым. Мүмкін, өткеннен қалған естеліктер кедергі келтіріп тұр ма? Алайда, ең бастысы, Джонатанның жеке өзіндік өзгеше стилі бар екенін түсінемін. Кіші Дассен сахнада өзін еркін ұстады, музыкасы көрерменді елітеді.

- Джонатан, ойнап отырғаныңыз қандай аспап?

- Бұл Швейцарияда жасалған, ханг деп аталады. Мұндай аспаптарды тек бір адам ғана жасады, мұндай аспап әлемде, көп болса, 30-40 шығар, ал қазір мүлдем жасалмайды.

- Біз әкеңіз туралы көп білеміз де, сіз туралы еш нәрсе білмейміз. Өзіңіз туралы айтыңызшы.

- Мен музыкамен 13 жастан бері шұғылданамын. Бұл - менің жеке таңдауым, өйткені, әкем бақилық болғанда мен екіге де толмаған едім. Ол маған пианино ойнап та, сольфеджио да үйреткен жоқ, мен оның аспапта қалай ойнайтынын, қалай ән айтатынын көрген де жоқпын. 13 жасымда өлең жазып, ән шығара бастағанда, достарыммен бірге топ құрып, өміріміздің 13-17 жас аралығында 30 концерт бердік. Содан кейін ән айтуды тоқтатамын деп шештім. Сол кезде кернейде ойнауды үйрене бастадым және біраз уақыттан кейін Тынық мұхитындағы француз аралы – Таитиге барып, бір жыл тұрдым. Францияға оралғаннан кейін бір гитарашымен кездесіп, соның тобына қосылып, керней ойнадым, қазір ол менің тобымда өнер көрсетеді. Біз африкалық музыканы орындадық. Көптеген концерт бердік, соның бәрін әлі күнге дейін шаттана еске аламыз, алғашқы концерттерімізде жеті мыңға дейін көрермен жинадық қой. Біз бес жыл бірге ойнадық, содан кейін мен бұл топтан кеттім, өйткені, қайтадан ән айтқым келді. Мен бірнеше әуен мен өлең жаздым. Біз бас гитарашы екеуміз бірігіп, алғашқы альбомымызды жазып, диск шығарушыларға хабарластық, алайда ешкім қызығушылық танытпады. Содан кейін өз альбомымызға өзіміз продюсерлік етіп, шағын дүкендер желісі арқылы тараттық. Бүгінде екінші альбоммен жұмыс жасап жатырмын.

- Сіз қандай стильде ән айтасыз және тобыңыз қалай аталады?

-Тобымыз «Джонатан Дассен» деп аталады. Менен сұраса, француз шансонын айтамын деп жауап беремін. Алайда, менің әндерімде джаз да, рок та бар. Бір сөзбен айтқанда, микс деуге болады.

- Тобыңыз Францияда қаншалықты танымал?

-Біз алғашқы дискімізге дүрілдетіп жарнама кампаниясын жасамағандықтан, әндеріміз радиостанцияларда жіберілмегендіктен, қатты танымалмыз деп айту қиын. Қазір бұларсыз атыңды шығара алмайсың.

- Қандай жерлерде өнер көрсетесіздер?

- Кейде Парижде, қазір Франция бойынша үлкен гастрольдер дайындап жатырмыз, жыл соңына қарай бастайтын болармыз. Ол 2015 жылдың көктемі мен жазында шарықтау шегіне жетеді.

 

ДАССЕНДЕРДІҢ ОТБАСЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

- Анаңызбен, ініңізбен қарым-қатынасыңыз қалай?

-Анам 15 жыл бұрын қайтты...

- Кешіріңіз...

- Ештеңе етпейді, өмір солай (Джонатан күлімдеген жүзімен сұрағыма жауап беріп отыр). Отбасында екі ұл болдық. Інім Жюльен де музыкамен айналысады.

- Отбасыңыз бар ма?

-Иә, отбасым бар, қызым 4 жаста.

- Футболдан әлем чемпионатын көретін боларсыз? Қандай әсер алып жатырсыз? Кімге жанкүйерсіз?

-Мен француз ретінде, әрине, Франция құрамасына жанкүйерлік етемін. Өзім Париждің шеті - Сен-Жерменде дүниеге келгенмін, бұл «Пари Сен-Жермен» футбол клубының отаны.

- Қазақстанда алғаш рет болып тұрсыз ба?

-Үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап бесінші рет келіп тұрмын, клубтарда өнер көрсетемін.

- Музыкадан басқа немен шұғылданасыз?

- Шынымды айтсам, бар өмірім осы музыканың айналасында. Әуендер, өлеңдер жазумен қатар мен тобымыздың әкімшілік істері мен есеп жұмыстарын жүргіземін. Өз жұмысыма толықтай берілгенмін.

- Сізге Джо Дассенге деген сүйіспеншілік туралы көп айтатын шығар. Әкеңіздің атағы жеке музыкалық карьераңызға кедергі келтірмей ме?

-Жас күнімде жаратпаған болармын. Менің әкем де сұхбат кезінде әкесі туралы сұрағанды ұнатпаған ғой. Ал ол өз кезіндегі белгілі кинематографистердің бірі болды. Біреудің атағының көлеңкесінде қалып қоймау үшін күресу отбасылық дәстүрімізге айналған сияқты.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.