Атырау, 27 қараша 08:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырауда Францияның құрметті консулдығы ашылды

2 490 просмотра

Жұма күні, 20 маусымда Атыраудағы Францияның құрметті консулдығының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Салтанатқа Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис ЭТЬЕНН мен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН қатысты.

– Біз Қазақстанның әлеуеті туралы айтқан кезде, ең алдымен газ бен мұнайды еске аламыз, - деді Франция елшісі Этьенн мырза сөз алған кезде. - Әрине, біздің назарымыз Атырау облысында. Біз дәл осы жерде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 1/3 бөлігі осы жерде қалыптасатындығынан хабардармыз. Сіздің облысыңыз негізінен республикалық бюджеттің негізгі доноры болып табылады. Байланысты кеңейту үшін Атыраудан Францияның құрметті консулдығын ашқымыз келеді. Бұл - Қазақстандағы алғашқы өңірлік құрметті консулдік.

Франция елшісі Атыраудағы құрметті консулды -  «Меркур Холдинг» бас директоры Есенғали БӘЙМЕНОВТІ таныстырды.

– Біз Франция мен Атырау облысының арасында іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға тырысамыз, - дейді Бәйменов. - Біз Атырау мен басқа өңірлердің тұрғындары үшін Францияға виза алуды жеңілдеткіміз келеді. Сонымен қатар, Атырау мен Франция арасында әуе қатынасын ашуды жоспарлап отырмыз.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан біздің облысымыз бен Франция арасындағы тығыз экономикалық байланыстар туралы еске салды. Атап айтқанда, ол 2013 жылы Атырау облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы4,2 млрд доллар (жалпы Франция мен Қазақстан арасында – 6,5 млрд доллар – С.Т.) құрағанын атап өтті. Бұл 2012 жылға қарағанда 12 пайызға көп. Атырау облысында француз капиталы қатысқан алты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Қазақстанда барлығы 50 шақты компания жұмыс істейді және олардың өз өкілдіктері бар. Мұнай және тау-кен өнеркәсібі, теміржол көлігін, локомотив, ұшақтар мен тікұшақтарды импорттау, сондай-ақ спутниктік байланыс, құрылыс материалдарын өндіру, қызмет көрсету секілді түрлі салада тағы 100 шақты француз компаниялары қазақстандық компаниялармен бірлесе жұмыс істейді. Жалпы Қазақстан экономикасына құйған Франция инвестициясы 9 млрд долларға жеткен.

Біз Франция елшісі Франсис Этьеннге бірнеше сұрақтар қойдық.

–Атырауда консулдық ашу туралы мәселе неліктен дәл қазір туындап отыр? Бұрын осыған байланысты қандай қиындықтар болды?

– Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Өткен жылы қыркүйектің аяғында осы жерге алғаш келген кезде мен консулдық мәселелердің осы жерде, Қазақстанда қалай ұйымдастырылғанына талдау жасадым. Сөйтіп, осы Атыраудан құрметті консулдық ашу қажет екен деген тұжырымға келдім. Француз азаматтары үшін жұмыс жасауға рұқсат беру, визалар беру туралы мәселелерді шешу анағұрлым жеңілірек болады.

– «Меркур Холдингтің» консулдықты ашуға қандай қатысы бар?

– Былайынша тікелей қатысы жоқ, бірақ егер компания Франциямен ынтымақтастықты дамытқысы келсе, біздің қарсылығымыз жоқ.

–Мұнай өндіруші «Тоталь» компаниясы Солтүстік Каспий жобасының акционерлерінің бірі болып табылады. Құбырдағы апатты және өндірудің екі жылға кейінге шегерілгенін ескерсек, Қашаған төңірегіндегі ахуалға қалай түсінік бересіз? Кезінде «Тоталь» бас директоры Кристоф де МАРЖЕРИ Қашағанның проблемасы тек тұрбада ғана емес, одан да үлкен мәселеде жатқанын айтқан еді. Қалай ойлайсыз, ол нені меңзеді?

– Елші ретінде мен, әрине, сізге мұндай түсініктер бере алмаймын. Әлбетте, адам ретінде, мен осы оқиғаға өте алаңдаулымын. Бірақ бұл жұмыс істейтін осы жердегі компаниялардың құзіретінде. Бұл техникалық тұрғыдағы мәселе және олар шеше алады деп ойлаймын.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

23 маусым 2014, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.