АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің «Газпром» энергетикалық компаниясы Қазақстаннан Қырғызстанға газ құбырын салуы мүмкін. Бұл туралы Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев мәлім етті, деп хабарлады «Вечерний Бишкек» газетінің сайты.
Оның сөзіне қарағанда, Өзбекстан Қырғызстанның оңтүстігіне газ жеткізуді қайта жаңғыртуы үшін қолайсыз шарттарды алға тартып отыр.
«Олар біздің Чон-Алтай алқабы арқылы өтетін Түркіменстан-Қырғызстан-Қытай газ құбырына қосылмауымызды талап етіп отыр. Алайда біз бұл шарттарды қабылдай алмаймыз. Өзбекстан елдің оңтүстігіне газ жеткізуді қайта жаңғыртуға ниет танытып отырған жоқ», - деді президент.
А.Атамбаев Қырғызстанның «көршілерінен газ беруін сұрап» жалынбайтынын айтты.
«Мен «Газпромнан» газ дағдарысынан шығудың жолын табуын сұрадым. Ресей компаниясы Қазақстаннан Талас облысы арқылы елдің оңтүстігіне газ құбырын өткізеді деп жоспарлануда», - деді президент.
Дереккөз: inform.kz