Ақшалай сыйлық тарту етілді
«Теңізшевройл» компаниясы ірі сыйлық қоры бар балалар шахмат турнирін өткізді.
Турнирге 1,3 разрядтары бар 17 жастан төмен облыс оқушылары қатысты. Қатысуға ниет білдіргендер көп болды, сондықтан да төрешілердің шешімімен іріктеу турлары өткізілді. Төрешілерге облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин жетекшілік етті.
1998-2001 ж.т. жас ерекшелік тобының финалында Нұрбол Ғалымжанұлы мен Диляра Ғабитова жеңімпаз атанды. Олар 40 мың теңгелік сыйлық алды. 2002-2004 ж.т. топта Нұрәділ Жамбыл мен Жазира Боран жеңіске жетті. Олар 30 мың теңгеге ие болды. 2005 ж.т. және одан төмен топта Ибрагим Ғалымжанұлы мен Жанель Тағыбекова көш бастады. Олардың ата-аналарына 20 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
***
Шымкенттегі жетістік
«Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК командасы Шымкент қаласында өткен тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған спортшылар арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионатынан көп жүлде әкелді.
Эльмира Балманова жүру мүмкіндігі жоқ мүгедектер арасында жеке өнер көрсетіп, «алтыннан» алқа тақты. Сонымен қатар, ол абсолюттік есепте команда қоржынына «күміс» салып, алматылық Марина Дарвинамен жұптаса «қолаға» қол жеткізді.
Тағы бір «алтын» бір қолы жоқ спортшылар қатарында ойнаған Людмила Фокинаның еншісінде. Сондай-ақ, ол атыраулық Тыныш Жақыповамен жұптасып, «күміс» пен «қола» медаль алды. Ал, Т. Жақыпова, өз кезегінде, жеке біріншілікте үшінші болды.
Атыраулық команда жарыстағы ең жас ұжым болды. 12 жасар Нәсихан Махамбетов алматылық Виталий Цоймен жұптасып, «қола» медаль алды. Нәсихан мен 14 жасар Асылхан Саясатов қыркүйек айында Ұлыбританияда өтетін халықаралық турнирге қатысатын Қазақстан жастар құрамасына ілікті.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Медицина қызметкерлері сайысты
Облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қолдауымен «Мұнайшы» стадионында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің спартакиадасы өтті.
Жарыс бағдарламасында кіші футбол, волейбол, үстел теннисі және арқан тартыс болды. 1-орынды Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының командасы, 2-орынды облыстық балалар ауруханасы, 3-орынды «Медикер» ЖШС ұжымы алды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ