Атырау, 23 қараша 12:27
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сахнадағы және жүректегі мереке

3 458 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында 1-маусым балаларды қорғау күніне орай «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы сурет байқауы қорытындыланды. Осы жерде балалар өз өнерлерін де сыйлады.

Кішкентай Ақерке Боран «Облака» әнін орындап, бір қуантса, өз қаламынан туған өлеңін оқып, тағы қуантты. Арбада отыратын Ерлан Жұмабаев «Айқарагөзді» нақышына келтіре шырқады, ал, Нұржан Бағытов ым-қимылмен «Как дела» әнін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. 

Суреттер байқауы туралы 1 маусымда хабарланған болатын. «Жүректен жүрекке» еріктілері алдымен Лесхоздағы ақыл-есіне зақым келген балаларға арналған мектеп-интернатқа барып, олардың өздерімен кездесіп, суреттерін алып қайтқан болатын. Ал үйдегі балалар суреттерін ата-аналарынан беріп жіберіпті. Байқауға барлығы 18 бала қатысты. Суреттер алдымен сканерден көшіріліп, кейін «Жүректен жүрекке» тобының әлеуметтік желідегі бетшесінде жарияланды. Жеңімпаздар осы жерде дауыс беру арқылы таңдалды.

Нәтижесінде І орынды Лесхоздағы интернат тәрбиеленушісі Әлия Табылғанова иеленді. ІІ орынды 14 жасар Салтанат Дүзбаева жеңіп алса, ІІІ орын Амангелді Амандықовқа бұйырды. Сонымен бірге «Ең қызықты сурет» номинациясында Әсел Молдағалиева, «Angry Birds» номинациясында Бекарыс Алдаберген, «Бақытты балақаймын» номинациясында Армангүл Макеева, «Менің сүйікті кейіпкерім» номинациясында Наргиз Юсуп жеңімпаз боп танылды. Сайысқа қатысқан балалардың барлығы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Өз марапатын алу үшін сахнаға шыққан балалардың көңілдері көтеріңкі, жүректері алып ұшып, жүздері бал-бұл жанады. Бәрі көрініп-ақ тұр, олар үшін бүгін ерекше күн. Кейбіреулеріне сахнаға шығу оңай соқпады, оларға көмекке еріктілер келді – сахнаға көтеріп алып шығып, жандарында тұрды. Ата-аналар да қуаныштан көздің жасына ерік берді. Балалар жанына жылу, көңілдеріне қуаныш сыйлаған жастарға алғыстарын айтты. Бұл бақытты күн болды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

19 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.