Бүгін, 18 маусымда «Ренессанс» қонақ үйінде ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгі» төсбелгісі мен ерекше үлгідегі аттестаттар алған түлектерді, сондай-ақ халықаралық пәндік сайыстардың және олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтау салтанаты өтті.
Дәстүрлі шара «облыс әкімінің талантты балалармен кездесуі» деп аталады. Алайда биыл өңір басшысы босамай қалғандықтан түлектерді облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА марапаттады.
Шенеуніктердің мақтануға тұратындай себеп бар екендігін айтып сендіргеніне қарамастан, қазіргі ҰБТ нәтижелері өткен жылғыдан нашар. Естеріңізге салсақ, ҰБТ-2013 қорытындысы бойынша жоғарғы 125 балл алған жеті қазақстандық түлектің үшеуі Атырау облысынан болатын. Биыл жоғарғы баллды ешкім алмады. Алдын ала мәліметтер бойынша, орташа балл 62,09 (өткен жылы – 74,1) құрады. Өту балынан өте алмаған талапкерлер саны әзірге нақтылануда. «Алтын белгі» мен «Үздік белгіге» үміткерлердің көпшілігі өз білімдерін дәлелдей алмады. «Ренессанста» 30 адамға төсбелгі тағылды. «Үздік аттестатты» - 23 адам алды (білімін дәлелдеген 8 және бар болғаны бір баллы кем болған «Алтын белгінің» 15 үміткері).
Бұл жерде халықаралық оқу сайыстарының 46 жеңімпазы мен жүлдегерлері де марапатталды. Олар ҰБТ тапсырудан босатылды. Өйткені олимпиада қорытындысы бойынша түрлі жоғарғы оқу орындарына қабылданды.
Сынақ қанша ауыр болса да, бұл балалар одан абыроймен өтіп шықты. Техникалық гимназияның түлегі Гүлназ НҰРҒАЛИЕВА (суретте) 111 балл жинап, ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуды жоспарлап отыр және бүкіл түлектерді жаңа, ересек өмір табалдырығын аттауларымен құттықтады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор