Түркияның бұрынғы президенті Кенан Эврен өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды AFP. 96 жастағы саясаткер билікке қарсы қылмыстары үшін кінәлі деп танылды.
Бұрынғы президентпен бірге оның үзеңгілес серігі - 89 жастағы отставкадағы генерал Тахсин Шахинкая да сотталды. Ол бұрын елдің әскери әуе күштеріне қолбасшылық еткен. Кенан Эврен болса, 1980 жылдың 12 қыркүйегінде мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы саналады. Ол кезде Эврен армияның бас штабының бастығы болған. Осы оқиғалардан соң ол жаңа әкімшіліктің басшысы, кейін президент болып сайланды.
Елде биліктің ауысуымен бірге жаппай қуғын-сүргін болды. Ресми мәлімет бойынша Эвреннің бастамасымен 178 мың адам тұтқынға алынған, 64 мың адам түрмеде отырды, 30 мың адам азаматтығынан айырылды, 50 адам өлім жазасына кесіліп, тағы 450-і азаптаудан өлді.
Мемлекеттік төңкеріс қатысушылары 2012 жылдан бастап жауапкершілікке тартылды. Сот процесі кезінде экс-президент Анкарада әскери госпитальде емделіп жатты. Шахинкая да денсаулығына байланысты сот залына келе алмады. Билеуші партия өкілдері бұл екеуіне қатысты үкім шығарылған кезде қол шапалақтап, сол төңкерістің басқа да көзі тірі қатысушыларын қатаң жаза күтіп тұрғанын мәлімдеді. Ал кезінде "істеуге тиіс нәрсені ғана істедім" деп мәлімдеген Эврен өз әрекетіне өкініш білдірген жоқ.
Дереккөз: tengrinews.kz