Доссор кентінің «Болашақ» ықшам ауданынан баспана тұрғызу мақсатында жер телімдерін алған тұрғындар инженерлік коммуникациялардың жасалмағандығынан ол жерге баруға асығар емес. Ал, «Шапағат» ықшам ауданының тұрғындары су мәселесімен бастарын қатырып келеді.
«Болашақ» ықшам ауданы 2009 жылы құрылған. Бұл жерден баспана тұрғызуға рұқсат алғанжәне оны салып үлгерген 70 шақты тұрғын бұл жерде амалсыздан тұрып жатыр.
- Егер біз баспана тұрғыз-басақ, әкімдік жерімізді алып қояр еді. Мұнда әлі де салынып жатқан үйлер бар. Ал, су, газ, жарық, жолдың жоқтығынан салынған үйлерінде тұра алмай, пәтер жалдап жүргендер де бар. Олардың үйлері бос тұрғасын, әлдекімдер терезелері мен есіктерін сындырып әкетуде, -дейді Қарлығаш ЕСЕТОВА, Бақтыбай ШАҒЫРОВ және тағы басқа жергілікті тұрғындар.
Олар ауыз суды су таситын көлік арқылы тасып ішіп отыр, ал, жарықтың орнына шам пайдаланады.
-Отынды қайдан аларымызды білмей отырмыз. Ағаш тапшы. Оның орнына қыс бойы тезек жағып шықтық. Қазір де мал ұстайтындардан тезек сатып алып жатырмыз. Қыста бала-шағамызбен бірге пеш жағатын бір бөлмеде бүрсеңдеп шықтық. Ал, ауданда жиі ауысатын әкімдердің мәселені шешеміз деген уәделері сөз жүзінде қалып отыр, - дейді болашақтықтар.
Доссор кентінің әкімі Жарылқасын ИСМАГУЛОВ (суретте) «Болашақ» тұрғындарын шыдамды болуға шақырды:
- Ауыз су құбырын биыл күзге дейін тартамыз деп үміттеніп отырмыз. Ал, газ бен электр желісін жүргізу бойынша сметалық-жобалау құжатын жасақтауға қаражат бөлінді. Жеңімпаз анықталғаннан кейін құжат дайындауға 2 ай уақыт кететін шығар. Содан соң біз қосымша қаржы сұраймыз. Ашығын айтсам, осы мәселенің жуық арада шешілуі қиын.
Ал, «Шапағат» ықшам ауданының 50 шақты үйінің тұрғындары бір аптадан астам уақыт бойы ауыз сусыз отырды. Олар судың 12 маусым күні ғана, онда да сағаттап берілгенін айтады.
- Жыл сайын осы жағдайды бастан кешірудеміз. Ауыз суды дүкеннен сатып аламыз, ал, тұрмыстық қажеттіліктеріміз үшін қайдан аламыз? -дейді «Шапағат» ықшам ауданының тұрғыны Гүлшат ОРАЗОВА.
Доссор кенті әкімі Жарылқасын Исмагуловтың айтуынша, «Шапағат» ықшам ауданына тартылған су құбырлары өте ескі екен:
- Оларға 70-80 жыл болған. Ескіні қанша жамасаң да, абырой әпермейді, бірақ біз қарап отырған жоқпыз, құбырды жөндеп жатырмыз. Қайткенде де су болады, оған уәде беремін. Себебі, осы жылы Доссордағы су құбырлары толық ауыстырылады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ