12 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі Солтүстік Каспий консорциумымен бірлесе отырып, Каспийдегі мұнай төгінділері зардаптарын жою бойынша «Мұнай-2014» кезекті республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізді.
МҰНАЙ ОРНЫНА АҒАШ ЖАҢҚАЛАРЫ ЖИНАЛДЫ
Биыл оқу-жаттығу Маңғыстау облысының Баутино теңіз портында өтті. Сценарий бойынша, порттың жағалау аймағында шикі мұнай тиелген танкерде өрт шығып, оған көмекке келген кеменің қолайсыз ауа-райы жағдайына байланысты танкерге соқтығуынан мұнай төгіндісі орын алды. Теңізге 250 текше метр мұнай төгілді. Жел мен ағыс екі сағат ішінде қалыптасқан мұнай дағын стратегиялық қауіпті аймақ – қалалық су тоғанына жеткізуі мүмкін. Құтқарушылар алдына танкер бортындағы адамдарды құтқару, өртті сөндіру және жағаға тым жақын төгілген мұнай дағын қатты жел жағдайында жинап алу міндеттері қойылды.
...Баутино шығанағы жағалауындағы теңіз операцияларына қолдау көрсету базасының бақылау алаңқайында түрлі қызметтерден (ТЖМ, СЭС, дәрігерлер, әскерилер), сондай-ақ, мұнай және кеме қатынасы компанияларынан, шенеуніктер мен журналистерден жиналған 200-ге тарта адам виртуалды ойынды еске түсіретін, мұқият әзірленген жаттығу ойындарын қадағалады: танкердегі өртті түтіндету құтысы (шашка) арқылы көрсетсе (түтін жағалауға бірнеше минуттан кейін көрінді), мұнай төгіндісінің орнына суға ағаш жаңқалары қолданылды... Шартты түрде зардап шеккен екі экипаж мүшесі «өрттің» алғашқы минуттарында жағаға шығарылды және медициналық көмек көрсетілді. Ал, бұл кезде өрт сөндіру жұмыстары басталды: екі кеме жанып жатқан танкерге тонналаған су жіберіп, өртті сөндірді. Осы уақытта екі катер су бетімен жылжып келе жатқан мұнай дағының айналасына бөгеуші бондарды керіп қойды – мамандандырылған төгінділерді жою қызметі мұнайды жинап алу жұмыстарына кірісті. Бұл қызметтің әрекет ету жылдамдығы үлкен маңызға ие, өйткені, мұнайға су сіңіп қалса, суланған мұнай су түбіне шөгіп, жылдар бойы биологиялық жүйені ластап, таралуы мүмкін.
Су бетінде қалған мұнай қалдықтарын шаңсорғышқа ұқсас (суретте), арнайы абсорбенттері және басқа да заманауи жабдықтары бар аппаратпен жинап алады. Төгінді зардаптарын жоюға 6 сағат уақыт кетті.
NCOC – NCJV – NCOC?
- Қашағанда мұнай өндіру екі жылға шегерілуіне байланысты төгінділерге қарсы әрекет ету базаларын қамтамасыз ету шығындарын оңтайландыру жоспарланды ма? Қазір бұл нысандардың жұмысы қаншалықты қажет?- деп Солтүстік Каспий консорциумы өкілдеріне сұрақ қойдым.
- Аралдарда жүктерді, материалдарды, жабдықтарды түсіру жұмыстары жалғасуда, яғни кемелер бұрынғы деңгейде қолданылып отыр. Алайда оңтайландыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол негізінен жалпы әкімшілік шығындарды азайту, қызметкерлерді қысқарту түрінде жүзеге асырылуда, - деп мойындады Марабаев.
Жобаны орындауға оператордың ауысуы қалай әсер етеді деген сұраққа («Солтүстік-Каспий жобасына қатысушылар бір компанияға бірігеді») Марабаев сырғыта жауап қатты: тек құрылым ғана ауысты, егер бұрын бұл «оператор+агенттік компаниялар» болса, енді бұл «North Caspian Joint Venture (NCJV)шарттыатауымен бірыңғай компания болады. Бірақ қызметтерді кері тағайындау болмайды». Консорциум қызметкерлері де мұны операторды ауыстыру бойынша барлық формальды мәселелер шешілгенге дейін қолданылатын уақытша атау болатын шығар деп болжайды. Жаңа операциялық құрылылымдағы рөлдер кері бөлінгеннен кейін де бұрынғы NCOC атауы сол күйінде қалуы мүмкін.
«БӘРІ КЕСТЕ БОЙЫНША»
Жаттығулар аяқталуына байланысты болған брифингте «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.», «Аджип ҚКО» компания-агентінің, Маңғыстау облыстық әкімдігі және ТЖ министрлігінің өкілдері жаттығу нәтижелеріне қанағаттанғандарын білдірді.
- Өрт сөндіру, мұнай төгіндісін жою, бондарды орналастыру, адамдарды қорғау сияқты барлық әрекеттер кестеге сәйкес өтті. Барлық міндеттер өте жақсы деген бағаға орындалды, - деді ҚР ТЖМ министрінің орынбасары Жанболат СМАИЛОВ. – Қашаған сияқты ірі және техникалық қиын жобаны әзірлеу өңірдің барлық құтқару құрылымдарына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Жаттығу өз мақсатына жетті, өзара түсіністік бар. Әрине, өз күшімізді тек осындай жаттығуларда ғана көрсетуді тілейміз.
- Бұл жерде барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген апаттарды жою бойынша мамандандырылған топ жұмыс жасайды. Бізде жаттығулар жүргізу бойынша кешенді бағдарлама бар. Біз ағысты, жел екпінін, дақтардың таралуын тек жаз мезгілінде ғана емес, қыста да болжай аламыз. Жылына бізосындай 50-ден аса жаттығу жасаймыз, - деп сөзін қосты NCOC басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВ.
Смаилов болашақта Қазақстан төгінділерді жоюға арналған өзінің жабдықтарын сатып алатын болады деген үміт білдірді. Бүгінде мұндай құралдарға тек ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар ғана ие.
- Болашақта біз мұндай жабдықтар мемлекеттік қызметтерде де болады деп күтудеміз, алайда, ол бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына байланысты. Қашағанда өндіру жұмыстары басталса, жаңа базалар салып, өз құтқарушыларымызды қосатын боламыз.
Жаттығу нәтижелерін басқа Каспий маңы елдерінен – Ресей мен Әзірбайжаннан келген қонақтар жоғары бағалады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор