«АЖ»-ға облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұратбек ҚАЙДАУЫЛОВ хабарлағандай, Нұрсая ықшамауданындағы 1200 орындық киноконцерт залын тапсырудың алдын ала мерзімі 2017 жылдың екінші жартысы деп белгіленген.
Естеріңізге салсақ, бұрынғы облыс әкімі тұсында басталған осы нысанның құрылысы 2012 жылдың күзінде тоқтатылған еді. Ал, өткен жылдың желтоқсанында облыстық мәслихаттағы кеңесте опырылып, құлау қаупі төніп тұрғандықтан темір-бетон құрылымының 90 пайызын бөлшектеп бұзу қажет екендігі мәлім етілді.
М.Қайдауыловтың айтуынша, құрылысты аяқтау жобасы биылғы жылдың қарашасында әзір болуы тиіс. Оны әзірлеумен алматылық «ПТИ Пищепромпроект» жобалау институты айналысуда. Жұмыстардың сметалық құны жобалау аяқталған соң және мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ