Мақат кентінің тұрғыны М.-нің ұялы телефонынабелгісіз біреу Шымкент қаласында әскери борышын өтеп жатқан інісінің полицияға түсіп қалғандығы туралы айтып, қоңырау шалған.
Ол 20 000 теңгеге актив бірліктерін жолдаса, інісін шығарып алатынын айтып, уәде еткен. Сол кезде інісінің ұялы телефоны жауап бермегендіктен, оған алаңдаған Мақат тұрғыны көрсетілген нөмірге сұратылған бірліктерді жолдайды. Ал, кешке інісіне қайта телефон соққанда, оның әскери полигонда жаттығуда болғанын және ешқандай полицияға түспегенін білген.
- Бүгінде осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 177-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс көтеріліп, бопсалаушы іздестірілуде, - дейді Мақат ауданы прокурорының орынбасары Досбол БАҒЫТЖАНОВ.
Осыған ұқсас жағдайға Мақаттың тағы бір екі тұрғыны да кезікті. Оларға әлдекім Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында оқып жатқан балаларының полицияға түсіп қалғанын айтып, хабарласқан. Алайда, кент тұрғындары телефон алаяқтарына оңайлықпен сенген жоқ. Олар бірден АІІБ-не шағым түсірді.
Жергілікті құқыққорғау органдары халықты өте сақ және қырағы болуға шақырады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА