«Еуразия» саябағы аумағында үстіміздегі жылдың көктемінде иесіз қалған, тот басқан аттракциондарды алып тастады. Атырауда саябақ аумағын түріктер сатып алыпты-мыс, бұл жерде жаңа ойын-сауық саябағы салынатын болады деген алыпқашпа әңгімелер пайда болды.
Қалалық әкімдіктен келген жауаптан түйгеніміз, Жеңіс саябағы ауданындағы ойын-сауық кешені орналасқан жер телімі 2004 жылғы наурызда «Еуразия» ойын-сауық кешені» ЖШС-ке берілген. Саябақ 2004 және 2008 жылдар аралығында жұмыс жасады, содан кейін табыс жоқ болғандықтан жабылып қалған. Атырау қаласы әкімдігігінің 2011 жылғы 19 тамыздағы шешімімен жер телімінің нысаналы мақсаты әкімшілік ғимарат, қонақ үй және көп қатарлы тұрғын үй салуға ауыстырылды. Ал 2013 жылы «Еуразия» ойын-сауық кешені» ЖШС ойын-сауық кешенін жер телімімен бірге «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-қа сатып жіберді.
Саябақтың болашақтағы тағдыры жөнінде редакция жолдаған сұранысқа AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк) АҚ басқарушы директоры С.КӨШКІМБАЕВ қолымен келген жауап хатта үстіміздегі жылдың мамырында бұрынғы жер иесі аттракциондарды алып тастағаны және «қазіргі уақытта банк осы жер телімін пайдалану бойынша іс-шаралар жүргізіп жатырғаны» туралы айтылған. Қысқасы, аттракциондар болмайтын сияқты.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор