"Александр Григорьевичпен арадағы әңгіме 14 маусым сенбі күні таңертең болған еді. Тағы бір-екі күннен кейін Лукашенкомен қайта сөйлесуді жоспарлап, арадағы әңгімені жария етпей тұруды жөн санағам. Алайда, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні белгілі украин журналисті Мустафа Найемнің facebook парақшасында біздің Лукашенкомен арадағы әңгімеміздің сөзбе-сөз көшірмесін көргенде, таң қалдым. Найем бұл әңгіме Лукашенко мен Янукович арасында шын болғандай етіп көрсетіпті. Сондай-ақ, бұл жазбаны сенімді дерек көзінен алғанын айтады. Ал дүйсенбі күні украиндық БАҚ-та аудиожазба жарияланды" дейді Vovan222.
"Міне, тосын сый! Алғашқы нұсқада бұл әзіл әрекет ретінде емес, кіші-Виктор Янукович пен Александр Лукашенконың арасында шын болған әңгіме ретінде көрсетілген болатын. Аудиожазбаның сапасы да жоғары, менікінен жақсы. Ең бастысы жазба маған Лукашенконың адъютантынан телефон қоңырауы келгеннен кейін мен телефон тұтқасын көтермей тұрып басталған" деп таңданады Вован.
Телефон бұзығы менің президентке емес, керісінше Лукашенконың адъютанты маған телефон соққанын және президентке қосқанын айтады. "Яғни, БАҚ-та жария болған жазба менің тарапымнан жазылмаған" дейді Вован.
"Осыған қарап, Белорусь президентінің телефон қоңырауын біреулер тыңдап отырған ба деген сауал туындайды. Бәлкім бұл УҚҚ не батыстық арнайы қызметтердің бірі болуы ықтимал. Алайда олар бұл жазбада Лукашенкомен сөйлескен Януковичтің ұлы емес екенін түсінбей, оны шынайы деп қабылдаған. Сөйтіп ол жазбаны Киев билігіне берген. Ал олар мұның арандату екенін білмей, тексерместен өз кезегінде "сенсациялық" әңгіме деп, өздеріне жақын журналист Найем арқылы жария етіп жіберген" деп пайымдайды Вован.
"Бұл жайлы дүйсенбі күні қайта телефон соққан кезде Лукашенконың көмекшілеріне айттым. Арадағы әңгіменің желіде қалай жария болғаны жайлы сұрадым. Міне енді өзім жазып алған, Лукашенкомен және оның көмекшілерімен арада болған әңгімені жариялап отырмын" деп жазады Vovan222.
Естеріңізге сала кетсек, Белорус президенті Александр Лукашенконың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты әзіл әрекет 16 маусымда LB.ua сайтында жарияланған еді. Телефон бұзығы Виктор Януковичтің ұлының даусымен Лукашенкодан әкесі үшін саяси баспана сұраған, ал ол келіскен. Ал Виктор Януковичтің ұлы Лукашенкомен телефон арқылы сөйлеспегенін айтады.
Дереккөз:tengrinews.kz