Облыста 99 мыңға жуық бала (1-10 сынып оқушылары) жазғы каникулға шықты.
Облыстық білім беру басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Алмагүл ҚАЙЫРЛИЕВАНЫҢ айтуынша, мектеп жанындағы 155 лагерь бір жаз ішінде 12 мың баланы қабылдай алады. Қала маңындағы төрт лагерде тағы 3651 бала тегін демалады. Ата-аналар мен ірі мұнай компанияларының демеушілік қаржыларының есебінен 13 мың бала облыстан тысқары жазғы лагерлерге жіберіледі. Кисловодскіде орналасқан «Қазақстан геологы» пансионатында 350 жетім бала тегін, тағы 500 бала ақылы негізде демалатын болады.
Биыл облыстық әкімдік шатырлы лагерлерде балалар демалысын ұйымдастыру жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асырады. Олар облыстың бес ауданында ашылмақ. 24 баладан тұратын бірінші топ Жылыой ауданының Тұрғызба ауылынан бес шақырым жерде ұйымдастырылған шатырлы лагерде демалып қайтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ