Биыл облысымыздағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 60 жыл толады. Біз №1 БЖСМ директоры Бимырза ТАЙЖАНОВҚА бірнеше сұрақ қойдық.
САМБОШЫЛАР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ:
Тайжанов Бимырза Амангелдіұлы, 45 жаста, дзюдодан жоғары санатты жаттықтырушы, 2014 жылдың қаңтарынан бастап №1 БЖСМ директоры.
- Біздің шәкірттеріміздің аты тек облысымызға ғана емес, бүкіл республикаға танымал. Олар: 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиадаға қатысушы, дзюдошы Ринат Ибрагимов, шахматтан Азияның вице-чемпионы Жәнібек Аманов, самбодан әлем чемпиондары Мұхамедрахим Оралбеков, Арсен Хатип, Бисенбай Қошқаров және Жандос Иманбаев, белбеу күресінің үш дүркін жүлдегері Нұрболат Ыстыбай және басқалар.
Кеңестік кезеңде мектеп Худин көшесі бойындағы «Өнерпаз» тұрмыстық үйінің маңындағы бір қатарлы барақ үйде орналасты, ал, бөлімшелері қала мектептерінде ашылған еді. 1995 жылы БЖСМ Привокзальныйдағы «Арбатта» орналасқан бұрынғы балабақша ғимаратына көшті. 2008 жылы қасына спорт залдары бар типтік ғимарат салынды.
Қазір №1 БЖСМ-де он спорт секциясы жұмыс жасайды. Мен осы орынға келгенше мектепті Ертілеу Жұбаналиев 27 жыл басқарды, ал одан бұрын Сулико Антонович Козонов көп жылдар бойы басшылық етті.
-Қандай секцияларыңыз «алтынды» көп әкеледі?
- Самбошыларда жүлде көп. Биылғы жыл да олар үшін сәтті өтті. 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында №1 БЖСМ командасы алынған жүлделер саны жағынан бірінші болды. Бұл жарыстарда Парасат Жұмабай, Дәурен Болатбекұлы, Эльмира Самиғоллаева, Әнел Сүлейменова және Ерасыл Сиғуатовтар жеңімпаз атанды. Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Абылай Төлеш пен Қалжан Тайжанова «алтыннан» алқа тақты. Қалжан содан кейін Мәскеуде өткен Әлемнің суперкубогында «қолаға» қол жеткізді.
«Атырау» ДСК-нде өткен Қазақстан мектеп оқушылары спартакиадасында командамыз 10 алтын медаль ұтып, бірінші орынға шықты. П.Жұмабай, Д.Болатбекұлы, Ә.Сүлейменова, Асқар Еспосынов, Айболат Ыстыбай, Елшат Әбу, Гүлдана Сәрсенова, Зоя Сағынова, Айдана Тянова және Алтынбек Зинолла жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар, А. Еспосынов Талдықорғанда өткен халықаралық турнирде алтын алды.
- Менің білуімше, сіздің самбо секцияңыз Атыраудағы күрестің осы түріне үйрететін жалғыз секция сияқты...
- Иә. Онда қаланың әр шетінен, тіпті, аудандардан келген балалар шұғылданады. Ауыл балалары күрестің әліппесін өз ауылдарынан танып келеді. Мектеп бітіргеннен кейін оқуын жалғастыру үшін қалаға келіп, біздің секцияларға қатысады. Самбодан жаттықтырушылар ұжымын Қайрат Досқалиев басқарады.
Осындай нәтижелерге қол жеткізуге облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшылығының қосқан үлестері туралы айтып кеткім келеді. Облспорт көптеген жылдардан бері бірінші рет самбошылардың оқу-жаттығу жиынын қаржыландырды. Балалар БЖСМ-де жаттығып, «Алмагүл» қонақ үйінде тамақ ішті, демалды.
-№1 БЖСМ шәкірттерінің басқа спорт түрлерінен жетістіктері қандай?
- Бекболатұлы мен Сүлейменова дзюдодан Қазақстан чемпионы атанды. Халықаралық турнирлерде жетістікке жете қойған жоқпыз. Алайда, олар күзде Оңтүстік Кореяда болатын Азия ойындарына барады деп үміттенеміз. Сонымен қатар, кіші жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионатында Серікболсын Шынтас пен Ермек Амангелдиев жақсы өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Олар қыста Мәскеуде өткен «Клуб самбо-70» халықаралық турнирінде алтын медальға ие болды.
Қазақ күресінен де нәтижелеріміз жаман емес. Таразда өткен оқушылар спартакиадасында 16 команданың ішінде 5-орын алдық. Самиғоллаева мен Әлия Ізім жастар арасындағы ел чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ, Павлодарда болған белбеу күресінен Қазақстан чемпионатында Саида Қапсалықова, Жәния Ізім және Халидолла Махамбет «алтын» алды.
СПОРТТЫҚ КІЛЕМДЕР МЕН ОРЫНЖАЙ КЕРЕК
- Ауыр атлетиканың жағдайы қалай?
-Күні кешеге дейін бюджет қаражатына алынған спорт құралдарының ешбір стандарттарға сәйкес келмеуінен үлкен қиыншылықтарды бастан кешіргенбіз. Зілтемір бөлшектері атлеттердің қолында парша-парша болды. Бұл спортшыларды жарақаттауы да мүмкін еді. Бұдан біраз бұрын залымызға ҚР ауыр атлетика федерациясының өкілдері келіп, федерация қаржысына күрделі жөндеу жасап, сапалы құралдар алу керек деген шешім шығарды.
Қазір бізде ауыр атлетикадан төрт жаттықтырушы жұмыс жасайды. Олар – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Игорь Мырғамбаев, Ғалымжан Дүйсенов, Әмір Баймұханов және жаңадан келген бапкер, 21 жастағы алматылық Тахир Халматов. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинмен бірге жаттығу жасаған. Тахир өзімен бірге шәкірттері – жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпиондары Анастасия Бурова мен Нұргелді Ноғайбекті алып келді. Олар жарыстарда облысымыздың намысын қорғайды және ауыр атлетиканы насихаттайды. Бүгінде жаттығу залы дайын. Құралдарды күтіп отырмыз.
- Басқа жаттығу залдарының жарақтануы қалай?
- Жақында Қазақстанның дзюдо федерациясының вице-президенті Самат Жылқыбаев бізге жаңа татами алып берем деп уәде берді. Қазіргісі стандартқа сәйкес келмейді. Қазақ күресі залына да жаңа күрес кілемі керек. Облыстық ұлттық күрес федерациясының президенті болып жақында тағайындалған Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов көмектеседі ғой деп үміттенеміз.
- Қаланың басқа жерлерінде БЖСМ филиалдарын ашуды жоспарладыңыздар ма?
- Биыл біз Дамбыда, бұрынғы автомектеп ғимаратында еркін күрес секциясының филиалын аштық. Ол жерде Қанат Жексемалы мен Манарбек Қапаров жаттықтырады. Жұмыскердегі Исатай Тайманов атындағы мектепте қазақ күресі секциясының, Химпоселоктегі №7 мектепте дзюдо секциясының филиалдары ашылды. Махамбет ауданы Алмалы ауылында дзюдо секциясын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол жердің балалары қазір бізге келіп қатысып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Алайда, ол үшін тағы да сәйкесінше татами мен ғимарат табу қажет.
Зияткерлік спорт түрлері – тоғызқұмалақ пен шахмат секциялары шәкірттерінің жетістіктерін атап өткім келеді. Тілеужан Ғаламов пен Еламан Ізімғали биыл жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ