Атырау, 27 қараша 06:47
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Оқшаудағы мектеп

4 356 просмотра

4 маусым күні Құлсары қаласында елуден астам ата-ана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған №24 мектеп-гимназияның жабылуына наразылық танытып, мектеп алдына жиналды.

Бұл - қаладағы жалғыз мектеп-гимназия. Жақында күрделі жөндеуден өткен. Одан кейін оның орнына қазақ-түрік лицейі ашылады деген әңгіме тараған.

-Бұл мектеп-гимназияда 425 оқушы оқиды. Ертең олар қазақ-түрік лицейіне оқуға түсу үшін емтихан тапсырғанда, бәрі бірдей өтпейтіні белгілі. Сонда олар қайда барады? –дейді Әлия ОРЫНБАСАРОВА, Сейілхан ӘЛІПОВ және тағы да басқа ата-аналар.

Мектеп 2009 жылы пайдаланылуға берілген. Балаларды мектепке жеткізу қиындығы әуелден бар. Мектеп қаладан үшшақырым жердегі «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан. Айналасында басқа ғимарат, тұрғын үйлер де жоқ. Кезінде жергілікті билік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында «Болашаққа» оралмандар келіп орналасады деп жоспарлаған болатын. Онымен бұл әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, сол ықшам ауданнан 1 800 жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімдері берілген. Бірақ көп кешікпей, инженерлік коммуникациялардың жасалмағандығын және газ құбырының таяу орналасқанын желеу еткен билік тұрғындарға баспана тұрғызуға болмайтынын ескерткен. Бірнеше жылдан бері үй сала алмай отырған тұрғындар қара жерге тек салық төлеумен отыр.

Ата-аналардың наразылығына келсек, олардың айтуларынша, мектеп басшылығы оқу жылы аяқталуға жақын қалғанда «балаларыңның құжаттарын алып кетіңдер, мектеп жабылады» деп хабарлаған. Бұған келіспеген ата-аналар жергілікті әкімдікке, «Нұр Отан» партиясы Жылыой аудандық филиалына шағымданған. Әзірге жауап жоқ.

Ал, мектеп-гимназияның 60-қа жуық мұғалімі жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Света АМАНШИНАжағдайға былай деп комментарий берді:

- Бұл мектепке Құлсарының21 нүктесінен оқушыларды жинап, жеткізіп отырмыз. Мектеп шалғай әрі жол да жоқ. Сол себептен қыста, лайсаң күндері жол жабылып, тасымал жағы қиындық туғызып жүр. Кейде көліктер бұзылып қалып, балалар күтіп қалады. Жыл сайын тасымал құнына5 млн теңге жұмсалып отыр. Аудан әкімдігінің мектеп-гимназияның орнына қазақ-түрік лицейін ашу жөніндегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ ұсынысы қолдау тапқанына қуанып отырмыз. Осы аталмыш мектептің балаларын өздері тұратын маңдағы және сұраныстарына сай оқу орнына орналастыру жөнінде ата-аналарға жиналыс өткізіліп, түсіндірілді. Және де мектеп басшылықтарына тапсырма беріп қойдым. Мұғалімдер де сол тәртіппен ауыстырылады.

- Ата-аналар балаларының сол мектеп-гимназиясында қалғанын талап етіп отыр. Мектептің көлік шығынын өзіміз көтереміз дейді.

- №24 мектеп-гимназия деп аталғанымен, оның басқа жай мектептерден түк айырмашылығы жоқ.

Ал Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ мынаны хабарлады:

- Мектеп базасында қазақ-түрік лицейі ашылса, аудан үшін жақсы болар еді. Бірақ бұл - әзірге жоспар ғана. Оның бәрі қаржыға келіп тіреледі, сондықтан тұрғындардың алаңдауының қажеті жоқ. Рас, облыстан мамандар келіп, мектепті көріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Егер гимназия болса, мектептің үшінші қабатын жатақханаға айналдыру қажет. Кәріз жүйесін жүргізіп, басқа да құрал-жабдықтар сатып алу керек. Шетелден мұғалімдер тартылуы мүмкін. Егер қазақ-түрік лицейі ашылса, осы мектептің оқушылары арнайы тестіден өтіп, лицейде оқуына болады. Осы жоспарларымыз жүзеге асса, аталмыш мектеп оқушылары да, мұғалімдер де далада қалмайды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.