Жылыой аудандық прокуратурасы тексеру барысында діни әдебиеттерді рұқсат етілмеген жерде сату фактісін анықтады.
Құлсары қаласының тұрғыны Г. оларды көпқабатты үйлердің бірінің бірінші қабатында орналасқан дүкенде сатқан. Ал, облыс әкімінің ҚР «Діни қызмет туралы» Заңын орындау мақсатында 2012 жылдың 18 қыркүйегінде қабылданған №264 қаулысына сәйкес, Жылыой ауданы бойынша діни әдебиеттерді сатуға Құлсары қаласындағы «Ақтан» сауда үйінде ғана рұқсат етіледі.
Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі Аманжол ҚАБДОЛОВТЫҢ хабарлағанындай, азамат Г. ҚР ӘҚБтК-нің 375-бабы, 1-бөлігі бойынша («Діни әдебиетті таратуға қойылатын заңнамада белгіленген талаптарды бұзу») әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 АЕК көлемінде (92 600 теңге) айыппұл салынды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА