«Өмір гүлі» ансамблі қаламызда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де өнерлерін паш етіп, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Құрамындағы жігіттердің барлығының да мүмкіндіктері шектеулі болғанмен, олар мойымайды, мақсаттарына жету үшін еңбек етеді, армандарына қарай қол созуда. Солардың бірі – махамбеттік Ерлан ЖҰМАБАЕВ (суретте).
Осыдан бірнеше уақыт бұрын Қызылорда қаласында өткен «Бір жұлдыз болып жанам мен» мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық фестивалінде ВИА құрамында І орын, ал, жеке ән айтып, «Көрермендер көзайымы» атағын жеңіп алған Ерлан кішкентайынан музыкаға құмар боп өскен.
- Музыкамен айналысатын үлкен ағам мені 7-сыныптан бастап қайда барса да, жанынан тастамайтын, - дейді Ерлан. - Соның арқасында мен музыкалық аспаптарда ойнап үйрендім. Болашақта аяғыма тұрып, денсаулығым жақсарған соң оқуға түсіп, кәсіби музыкант болғым келеді...
...2011 жылдың 5 маусымы. Түнгі сағат 2-нің шамасы. Махамбет пен Сарытоғайдың арасындағы жол бойында көлік аударылды... Ішінде Ерлан, көлік жүргізушісі мен Ерланның дос баласы болды. Бәрі дін аман, тек Ерлан қатты жарақаттанады.
- Мені тез арада Атырау облыстық ауруханасына жеткізіп, сол күні таңда ота жасады. Ота сәтті өтті, бірақ апат салдарынан омыртқама қатты зақым келген екен, екі аяғым бірдей жүрмей қалды, жансызданып қалған, - деп еске алады Ерлан.
Ол мүгедектер арбасы оның армандары мен мақсатына тұсау сала алмайтынына сенеді.
- Құдай қаласа, мен өз аяғыммен жүріп кетемін. Дәрігерлер де: «ешқандай қауіп жоқ, үмітіңді үзбе, сенде бәрі жақсы болады» деп отыр. Енді бұйыртса, аяғыммен жүріп, ата-анам мен бауырларымды, достарымды қуантамын деп сенемін. Себебі, қазір аяқтарымды сезе бастадым, - дейді Ерлан.
Ерлан қазір емделу үстінде және ол үнемі сергек жүреді. Алайда, аяқтары жүрмей қалғанын түсінген алғашқы кезде қандай күйде болғаны оның әлі есінде:
- Басында қатты қорықтым. Енді не істеймін, өмірім қалай болады деген ойлар мазалады. Бірақ жанымда ата-анам, туыстарым, бауырларым мен достарым болды. Қиын сәттерде ақылдарын айтып, жұбататын, көңілімді көтеруге тырысатын. Аллаға шүкір, қазір өз-өзіме келдім.
Ерлан бұрындары да көптеген ән байқауларына қатысатын. Облыстық, аудандық «Жас қанат», «Шәмшінің әндері» фестивальдерінде жеңіп алған жүлделі орындары бар. Ал биыл «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Тыныш ЖАКУПОВАМЕН танысып, «ЖАСА» ВИА-сымен бірге музыка әлемінде бақ сынап жүр. Ол эстрадалық әндерден бөлек, классикалық музыка мен халық әндерін ерекше ұнатады. Әсіресе, махаббат туралы әндерді сүйіп орындайды.
- Мен әлі жанымды түсінетін қызды кездестіре қойған жоқпын. Болашақта кездестіріп, отбасын құрып, бақытты болсам деген арманым бар.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор