Фоот: news.mail.ruБЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (ШТИҚ) - Қытайдағы террорлық акцияның ұйымдастырушысы, елдегі діни экстремизм идеологиясын таратушы. Бейжіңде ҚХР СІМ ресми өкілі Хуа Чуньин осылай деп мәлімдеді.
Қытай дипломатының айтуынша, ШТИҚ ҚХР аумағында діни экстремизм идеологиясын таратқаны және лаңкестік акцияларын ұйымдастырғанын дәлдейтін айғақтар бар.
Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылғы сәуірде Үрімжі қаласының теміржол вокзалы маңында орын алған лаңкестікті ШТИҚ мүшелері ұйымдастырған. Аталған қайғылы оқиғадан үш адам қаза тауып, 79 адам жарақат алған еді.
«Қытай халықаралық қауымдастықты лаңкестікпен күрес мәселесінде «қосарлы стандартты» жоюға, Қытайдың ШТИҚ және басқа да лаңкестік ұйымдармен күресіне түсіністікпен қарауға және қолдауға шақырады», - деп атап өтті ҚХР СІМ өкілі.
Шығыс Түркістан ислам қозғалысы - заңсыз қарулы құрама. Олардың мақсаты - Шығыс Түркістанда тәуелсіз мемлекет құру. БҰҰ ШТИҚ-ты лаңкестік ұйым деп таныды.
Дереккөз: inform.kz