«Атырау» футбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, клуб 24 жастағы ганалық шабуылшы Доминик Адийямен келісімшартқа қол қойды.
Доминикті 2010 жылы атақты итальяндық «Милан» клубы өзіне алған, алайда ол миландықтардың негізгі құрамына іліге алмады. Гана футболшысы өз футболдық ғұмырында «Реджина» (Италия), «Партизан» (Сербия), «Каршияка» (Түркия) және «Арсенал» (Украина) сияқты азулы командаларда өнер көрсеткен. 2010 жылғы ОАР-да өткен әлем чемпионатында Доминик Гана құрамасының негізгі ойыншыларының бірі болды. Сол доп додасындағы Гананың Уругвай құрамасына қарсы өткізген шытырманға толы ширек финалы баршаның есінде болар. Есеп 0:0 тең болып тұрған ойынның 119 минутында, Уругвай қақпасы алдындағы қарбалас кезінде Адийя бос қақпаға баспен бағыттаған добын шабуылшы Суарес қолмен қайтарған болатын. Ганалықтар 11 метрлік айып добын сәтсіз орындап, сақтары сынып, ойыннан кейінгі пенальти сериясынан ұтылып қалды. Ұлы құрылықтық мүмкіндік қолдан сусып кетті: Гана жеңіске жеткенде, әлем чемпионаты тарихында Африка елдері ішінен жартылай финалға шыққан бірінші құрама болар еді. Биылғы чемпионатқа Д. Адийя қатыспайды, оның да өз себебі бар. 2012 жылдың маусымынан бері Доминик ойнайтын киевтік «Арсенал» өткен жылдың қазанында банкрот болып, Украина чемпионатынан шығып қалған болатын. Жарты жылдан бері Адийяның ойын тәжірибесі болмағандықтан, оны ел құрамасына алмады. Қалай болғанда да, оның командамыздағы ойынын тамашау қызықты болары сөзсіз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ