Ата-ананың қолдауы
Бакуде карате шотоканнан (WSKU нұсқасы) «Каспий кубогы» халықаралық турнирі өтті.
Жарысқа 600-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерікқали Қойшекеновтың (5-дан қара белдік иегері) жетекшілігімен Атырау облыстық карате-до шотокан федерациясының шәкірттері қорғады. Жеке кумитеде 61 келіге дейінгі салмақта Венера Тұрғанова «алтын» алды. Жібек Мұхамбетқалиева (68 келіден жоғары) катада «күміс», жеке кумитеде «қолаға» ие болды. Федерация басшылығы облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басшылығына, ата-аналар комитетіне және №1 орта мектеп директоры Ү. Атшыбаевқа қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтады.
***
Ақтаудағы жетістік
Атыраулық 3-БЖСМ командасы Ақтауда 1998-99 ж.т. жасөспірімдер арасында волейболдан өткен турнирде жеңіске жетті.
Турнирге төрт батыс облыстардың 11 командасы қатысты. Алдын ала айналымның қорытындысы бойынша финалдық ойындарға «Атырау» (3-БЖСМ), «Ақтөбе», «Жастар» және Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданының БЖСМ командалары шықты. Турнир қорытындысында «Атырау» командасы 1-орын алды. «Атырау» командасының шабуылшысы Халидолла Қабиров турнирдің үздік ойыншысы атанды.
***
Жағалаудағы желаяқтар
Атырауда Дене тәрбиесін және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен 1997-1998 ж.т. мектеп және колледж оқушылары арасында жеңіл атлетикадан 7-ші облыстық спартакиада өтті.
Жайық өзені бойымен жүгіруге алты оқу орнынан 93 спортшы жиналды. Түрлі қашықтықта келесілер жеңімпаз атанды: Салтанат Қабдол, Игорь Пазгалев, Саябек Жәлел, Диляра Мұхтарова, Бекет Орақ, Өміргүл Қалыбек және Ақтілек Ермекқали. Қызылқоға ауданының оқушылары бас жүлдені өзгелерден көп алды.
***
Сәтпаевтен келген жүлделер
Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі өтті.
Сәуір айында Орал қаласында өткен Қазақстанның аймақтық біріншілігінде атыраулық он жас боксшы финалға жолдама алған болатын. Солардың тең жартысы чемпионат жүлдегерлері атанды. Өз салмақ дәрежелерінде Аят Айтқалиев, Еламан Рахметолла және Альберт Нәбидоллаев күміс медаль алса, Дарын Серкебай мен Елболсын Қайреден қолаға қол жеткізді.
***
Чемпиондар шеберханасы
Атыраудың екі жас боксшысы Алматы облысы Есік ауылында өткен 1999-2000 және 2001-02 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирде жүлдегер атанды.
Илья Коновалов (суретте - оң жақта)алтын медаль алса, Айсұлтан Орынбаев (суретте - сол жақта) қола жүлдеге ие болды. Екеуі де №3 орта мектепте оқиды. Оларды Г.Сморогов, Д.Сморогов, Б.Көшенов және К.Есқалиев жаттықтырады. Кезінде осы мектептегі секциядан КСРО чемпионы Болат Теміров, КСРО жастар ойынының күміс жүлдегері Шамиль Мұсағалиев, Азия чемпионы Владимир Ульянов, әскерилер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Мұратов сияқты спортшылар бокстың қыр-сырын меңгерген.
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА
***
Рухы мықты жандар
Қарағандыда «Спешл Олимпик» ҚБ қолдауымен мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған Қазақстанның арнайы жазғы олимпиадасы өтті.
Жарыстар жеңіл атлетика, дөңгелекті конькимен сырғанау, боулинг, жүзу және бадминтон сияқты спорттың бес түрінен өтті. Облыс құрамасы сәтті өнер көрсетті. Эдуард Берлезов, Екатерина Чеботарева (50 метрге жүзу), Әсем Молдағалиева, Нұрболат Уәлиев (боулинг) алтыннан алқа тақты. Борис Сұлтанов, Алена Котова, Нұрболат Байбосынов, Татьяна Матвеева, Ғалия Төремұратова және басқалар жүлдегер атанды.
***
Жүлдемен оралды
Астанада балалар арасында таэквондодан (GTF нұсқасы) Қазақстан біріншілігі өтті.
Атырау атынан Берік Әлжановтың («Атырау» ДСК) төрт шәкірті қатысып, барлығы да жүлделі оралды. 6-7 жас дәрежесінде 20 келіге дейінгі салмақта Ислам Мейрамғалиев «мацогиде» (спарринг) «күміс» иеленді. Осы жас дәрежесінде Әмір Нұрғали (26 келіге дейін) «мацогиде» чемпион атанып, «хьенг» (ката) санатында қолаға қол жеткізді. 10-11 жас аралығында 35 келіге дейінгі салмақта Карина Ишина «мацогиде» «күміс» алды. Осы жас дәрежесінде Евгений Похлебухин (30 келіге дейін) «мацоги» мен «хьенгте» екі «күміс» иеленді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ