Футболдан ел чемпионатының 13-турында «Атырау» футбол командасы өз алаңында павлодарлық «Ертістен» ұтылып қалып, турнир кестесінің 8-орнына түсті. Екінші айналым барысында «Атырау» медальдарды сарапқа салатын үздік алтылыққа кіру мүмкіндігінен айырылып қала ма? Осы және басқа да сұрақтарға «Атырау» командасының бас бапкері Владимир БЕЛЯВСКИЙ (суретте) жауап берді.
«ЖС» анықтамасы:
Владимир Иванович Белявский, 51 жаста, Беларусь Республикасының азаматы, Мәскеудегі Жоғары жаттықтырушылар мектебін аяқтаған. «Белшина» (Бобруйск), «Торпедо» (Могилев), «Атака» (Минск), «Звезда» (Минск), «Ордабасы» (Шымкент) командаларын жаттықтырған. 2011 жылғы желтоқсаннан 2013 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан футбол федерациясында техникалық директор болып жұмыс жасаған, осыдан кейін «Атыраудың» бас бапкері болып тағайындалды.
«ЖАНКҮЙЕРЛЕРМЕН ҚАШАН ДА БІРГЕМІЗ»
- «Атырау» командасы биылғы маусымда қайта құрылды деп айтуға болады. Бәрін ақ қағаздан бастағандықтан, бұл ойынымызға әсер етуде. Алайда, бір ойыншымыз кем болса да, «Астана» сияқты команданы 1:0 есебімен ұтқан ойындарымыз команданы біріктіре түсетініне сенімдіміз.
-Қазір командада жарақат алған ойыншылар көп пе?
- Ауыр жарақаттар туралы айтсақ, өкінішке орай, Савио Нсреко қатарымыздан шығып қалды. Оның аяғының үлкен бұлшықеттері зақымданған.
-Жақында трансферлік терезе ашылмақшы. Кімді алып, кімді жіберетіндеріңізді шештіңіздер ме?
- 15 маусымға дейін біз әлі үш ойын өткіземіз. Жағдайға талдау жүргіземіз. Көңіліміз толмай жүрген адамдар жоқ. Ойыншылардың жаңа ұжымға бірден үйреніп кетуі қиын екенін түсінемін. Сондықтан біреуі бір ойында жақсы өнер көрсетсе, бірі екінші ойында көзге түседі. Команданың бірден құрылып кетпейтіні баршаға белгілі...
-Өз ойыншыларыңызға толықтай ризасыз ба?
- Барын салып ойнау деген сөз мүлдем басқаша ойнау дегенді білдіреді. Мен үнемі өз ойыншыларыма «бір нәрсені жасай алмадың ба, себепті алдымен өзіңнен ізде» деп айтып отырамын. Біз - футболшылар мен жаттықтырушылар – көрерменнің көз алдында жүретін спорттық кәсіп өкілдеріміз. Белгілі бір ойыншы жанкүйерлерге ұнамауы мүмкін, оны маған жеткізеді, ал, мен ол адаммен сөйлесіп, оның жаттығулар мен ойынға көзқарасын өзгерту керектігін ескертемін.
Мен қашан да жанкүйерлердің пікірімен санасамын. Біз жанкүйерлермен әрқашан біргеміз.
-Қарсылас командалар ойыншылары арасынан трансферлік терезе кезінде кімді алғыңыз келеді?
- «Ақтөбе» немесе «Шахтер» сияқты ұжымдардан келген жақсы ойыншы кейде «Атырау» құрамында еш пайдасыз болуы мүмкін. Әр командада әр түрлі жағдайлар, дәстүрлер болады, бапкерлердің де талабы әр түрлі... Сондықтан да мен, алдымен, өзімнің әбден тексерілген футболшыларыма үміт артамын. Бір-екі ойыншы алуымыз да мүмкін. Алайда, мен мұны келісімшартқа қол қойылған күні ғана айтамын.
АЛТЫЛЫҚҚА КІРУ – МАҚСАТЫМЫЗ
- Алда сіздерді өте қиын қарсыластар күтіп тұр, бұл жағдайларда командаға қалай күш бересіз?
- Көшбасшы командалармен ойында арнайы рухтандырудың қажеті жоқ. Иә, «Ақтөбе» (Осы командамен кейін «Атырау» кездесіп, сырт алаңда 0:0 есебімен тең түсті – М.С.) мен «Шахтер» - Қазақстан футболының беткеұстарлары. Алайда, әр ойыншының ар-намысы бар, олар ешкімнен кем ойнамайтынын дәлелдегісі келеді.
- Алаңдағы қай шеп күшейтуді қажет етеді?
-Барын салып ойнамайтын болса, атақты деген ойыншыны алып не керегі бар? Біз команданың негізін жасаймыз, солармен жұмыс жасаймыз, кезеңдермен талантты жергілікті жас ойыншыларды тартатын боламыз. Биыл біз қосалқы құраммен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бір-екі адам көзімізге түсті. Өкінішке орай, осылардың біреуі «негізгі» құрамға өттім деп, өзіне, тұрмыс салты мен жаттығуларға деген көзқарасына кәсіби тұрғыдан қарауды доғарды. Футболшы қашан да өзіне сынмен қарауы керек.
«Атыраудың» жаттықтырушы-лар штабын қазір трансферлік терезе емес, екінші турдағы қалған тоғыз матчтың тағдыры толғандырады. Біз алдымызға Премьер-лиганың үздік алтылы-ғына кіріп, жүлделер жолында күресеміз деген мақсат қойдық.
10 мамырда көшбасшылардың бірі – «Астанамен» болған ойында ойыншыларымыз мінез танытып, жеңіске жетті. Ал, «Ертіспен» болған ойында сәл менсінбеушілік орын алып, ұтылып қалдық. «Ертісті» ұтқанда, 6-орыннан жоғары көтерілетін едік. Біз қазір тұрған 8-орынды аумалы-төкпелі деп атауға болады – жоғарыға да көтерілуге болады, «тұңғиыққа» да кетуге болады.
Премьер-лиганың барлық командаларының мүмкіндіктері бірдей. Бәрінен алысқа ұзап кеткен «Ақтөбені» ғана ерекше атап өтуге болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ