Атырау, 25 қараша 18:57
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жас шеберлер шеруі

11 938 просмотра

«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында жыл сайын өтетін мектеп оқушылары арасындағы қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналған сурет, қолөнер және бейнероликтердің көрме-байқауы болды.

Оны ұйымдастырушылар - облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы. Биыл 2013 жылға  қарағанда байқауға әкелінген жұмыстар көп болды - 700-ден астам. Көркем дүниелерге толған көрме залы көз тартып тұрды. Мәселен, біздің назарымызды бірден аударған – Жаңаталап ауылынан келген 9-сынып оқушысы Нұрхат БАҚЫТОВТЫҢ «Саяжайда күн энергиясын пайдалану және тамшылатып суару технологиясы» атты еңбегі. Шағын жел генераторы айналғанда саяжайда жарық жанып, суға толы бөтелкеден егінге су ағызылады. Жұмысында пластик бөтелкеден ұсақ шамдарға дейінгі заттарды пайдаланған ол суаруды жүзеге асыру үшін медициналық системаны (дәрі тамызғыш) қолданған.

Томарлы ауылынан келген 9-сынып оқушысы Аманжол ДӘУЛЕТКЕРЕЕВ көрмеге үлкен «Бүркіт»жасап әкеліпті.

- Мен бұл бүркітті екі апта жасадым. Оны жасауға қалтқы, пластик бөтелкелер және шуруптарды пайдаландым. Қалтқыдан бүркіт мүсінін келтіріп алдым, кейін пластик материалды қауырсынға ұқсатып толтырып қиып, оларды шуруптармен мүсінге бекіттім, - дейді Аманжол. Ол болашақта сәулетші болуды армандайды.

Тағы Жаңаталап ауылынан келген 9-сынып оқушысы Орынбек ҚҰБАЙДУЛЛИН «Сағат» деп атаған жұмысын әкелген.  

- Мен бұл жұмысымды қалада үлкен сағат етіп орнатуға болатын макет ретінде жасадым. Оны орталық жерге қоюға болады. Батареясын, тілін, т.б. құралдарын өзім тауып құрастырдым. Ал беті ақ пластик шелектің қақпағынан жасалған. Сағат дұрыс жүріп тұр, қарап көріңіз, - дейді Орынбек. - Макетте сағаттан бөлек, түбінде бес саусақтың таңбасы бар белгі бар. Оны Алматыдағы тәуелсіздік монументі секілді қасына келген адамдардың қолдарын салып, қызықтап, тілектерін айтуы үшін жасадым. Өзім бұдан бөлек, ракета, ұшақтардың макетін жасаймын.

Қызылқоға ауданы Мұқыр орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қымбат САЙЫН көрмені тамашалаушылардың назарына «Жасылжайлау» жұмысын ұсыныпты. Жасыл шөптерді тоқыма жіптерден жасаған. Қаладағы Ломоносов атындағы мектепті 9-сынып оқушылары Арина ЗАХАРОВА мен Аделина ЮСУПОВА таныстырды. Арина пластик бөтелкелерден «Пальма» жасаса, Аделина газеттерді орау арқылы торлап, «Гүлдерге арналған ваза» жасаған. Еркінқала орта мектебінің 3-сынып оқушысы Адина АБИЛОВАНЫҢ «Қазақстанның әсем табиғаты» атты жұмысы мен Махамбет ауданының Береке ауылы негізгі мектебінің 9-сынып оқушысы Ілияс БЕЙБАРЫСТЫҢ «Таза аула» атты жұмысы, Жылыой ауданында тұратын оқушы Тұрар САЯБАЙДЫҢ «Менің ғажайып балықтарым» атты аңның мүйізінен жасаған жұмысы,  Еркінқала орта мектебінің 7-сынып оқушысы Елдос ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ «Менің қиялымдағы Жайық» атты жұмысы басқа да толып жатқан қатысушылардың жұмыстары секілді атап өтуге тұрарлық. Жанын салып еңбектенгендері көрініп тұр.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 5 маусым күні «Атырау» мәдениет орталығында өтеді.

Айнұр САПАРОВА

5 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.