Жерлер қайтарылды
Құлсары қаласы бойынша пайдаланылмай бос жатқан 220-ға жуық жер телімі мемлекетке қайтарылады.
Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі Аманжол ҚАБДУЛОВ прокуратураның облыстық жер инспекциясы басшылығына игерілмеген жерлерді кері қайтару туралы ұсыным бергенін хабарлады.
***
Қымыз, шұбат Көктоғайда
Индер ауданы Көктоғай ауылынан 15 шақырым жердегі «Шархат» қыстағында қымыз бен шұбат өндіретін зауыт ашылды.
Банктен 110 млн теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, жұмысын бастаған «Алға мал шаруашылығы кешені» ЖШС директоры Ақеділ ШАЛҚАРОВ тәулігіне 210 литр шұбат және 1 800 литр қымыз өндіру көзделгенін айтып отыр. Бүгінде мұнда 30 шақты адам жұмыс жасауда.
***
Жол салынады
Мақат кентіне қарасты Бәйгетөбе мен ПМС ауылдары арасындағы жол қатынасы жуырда қалыпқа келетін болды.
Себебі, таяу арада бұл аралыққа он шақырым жол салынады.
***
Көппәтерлі үйлер мәселесі
«Жылыой-ТШО» қоғамдық консультативтік кеңесінің кезекті отырысында Құлсарыдағы көппәтерлі үйлердің мәселесі талқыланды.
«Теңізшевройл» ЖШС көппәтерлі үйлерді басқару жобасына арнап Орта Азияның Еуразия қорының «Өрлеу» бағдарламасына әлеуметтік инвестиция салмақшы. Cондай-ақ,үйлерді басқарудың үш әдісі ұсынылды: ПИК, кондоминиум, басқарушы компания. Кеңесте солардың үшінші әдісі таңдалынды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА