Оңай АРЫСТАНОВА (суретте) - көп жылдық тәжірибесі бар гинеколог, өзі түрлі гинекологиялық ауруларды Тұздыкөл жағасындағы балшықпен емдеу әдісін қолданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Ол былтыр кенттен балшықпен емдеуге арналған жеке кабинетін ашпақ оймен бөлек ғимарат тұрғызу үшін жергілікті әкімдіктен тілімдей жер бөлуді сұрап, арызданған болатын. Алайда, әзірге қолдауды да, қоштауды да көріп отырған жоқ.
Оңай Арыстанова 30 жылдан астам уақыт Индер аудандық емханада қызмет етіп, кейін балшықпен емдеу жұмысын қолға алады. Бұл салада өзінің білімін жетілдіру үшін Израильге барды.
2010жылы ғимаратты жалға алып, бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады. Несиеге алған 3 млн теңгеге УЗИ аппаратын сатып алады. Балшықпен емдеу әдісінен бөлек сүлікпен, түрлі емдік шөптермен емдеуді меңгереді. Бүгінде оған Индерден ғана емес, Атыраудан, Батыс Қазақстан облысынан келетіндер де бар. Ең басты жетістігі - төрт жылда 30 шақты әйелдің бала сүюіне ықпал еткен.
- Индердің жері бай ғой, инвестордың жоқтығынан ауданның іргесіндегі Тұздыкөлді игере алмауымыз жанымызға бататын. Сол жылдары ауданның бас дәрігері болып тұрғанҒазиз ЕСҚАЛИДІҢ бастамасымен емханада әйелдерді көлдегі балшықпен емдеу әдісін қолға алдық. Бұл ісіміз оң нәтиже бере бастады. Бірақ бас дәрігерімізді қаладағы жұмысқа ауыстырғасын балшықпен емдеу ісі аяқсыз қалды.
Балшықпен емдеуге арналған кабинет ғимаратының құрылысы үшін жер сұрап, Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАНҒА, «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалына арыз жазды. Әлі күтумен келеді.
- Бізде бос жерге салынып жатқан мейрамханалар жетеді. Оларға жер телімін береді де, менің халыққа үлкен пайдасы тиетін іске сұраған жер телімін бөлу туралы өтінішім жауапсыз қалады, - дейді дәрігер қынжыла.
Аудандық жер қатынастар бөлімінің бастығы Қаһарман БАҒЫНОВТЫҢ айтуынша, Арыстанованың және басқа да арызданушылардың жер бөлу туралы мәселелерін шешу жағы шынында да кешеуілдеп жатыр.
- Жер табу оңай емес, бәрі ертерек алып қойған. О. Арыстановаға кез келген жерді беруге болмайды, оның жоспарына сай суы, кәріз жүйесі жақын жер керек. Біз бұл жөніндегі құжаттарымызды өткен жылы Астанаға жібергенбіз, бірақ құжаттардан қателік табылып, жақында қайта жібердік. Ол жақтан жауап қашан келетінін нақты білмеймін, -дейдіҚ.Бағынов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА