Балаларды қорғау күніне орай орталық мешіттің ауласында «Өзің де үлес қос!» қайырымдылық акциясы өтті.
Базардағы бағадан біршама арзан азық-түлік, тәтті тағамдар мен киім-кешектер, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесінің мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен, күнкөрісі қиын және көпбалалы отбасыларға көмек қолын созу. Акция барысында түскен қаражат осындай жанұяларға таратылады.
Атырау облысының бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ бұл қайырымдылық акциясының басталғанына екі айдан астам уақыт өткенін айтып өтті:
- Қала тұрғындары үйлеріндегі артық заттарын, киім-кешектер мен тұрмысқа қажетті бұйымдарды мешітке әкеліп тапсырды. Біз оларды жағдайы төмен жандарға үлестірдік. Бұл шара Рамазан айын да қамтитын болады.
Сонымен қатар, осы күні түстен кейін мешіт ауласына «Шаңырақ» балалар ауылы мен №1 С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернаттағы жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балалар жиналды. Аулада құрылған батуттарда ойнап, оларға балмұздақ пен шырындар таратылды.
Бұдан бөлек, бас имам мешіт жанынан жазғы сауат ашу курстары жұмыс жасайтынын хабарлады. Түске дейін ер балаларға, түстен кейін қыз балаларға арналған курстар аптасына бес күн өткізіледі. Онда Құран әліппесі, әдеп сабақтары жүреді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА