Атырау, 27 қараша 06:57
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сот орындаушылар «титықтады»

4 371 просмотра

Облыстық сот актілерін орындау департаментінде өткен дөңгелек үстелде мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының жұмыстары талқыланды.

Атырауда әрбір мемлекеттік сот орындаушыға әкімшілік айыппұлдар бойынша 2 мыңнан астам өндірістен келеді. Оларды азайтып, қарыздарды өтету жұмыстарын жеделдету үшін өндірістердің бір бөлігі жеке сот орындаушыларға беріледі.

Заңнамада осыған орай тиісті өзгерістер қаңтар айында енгізілген болатын, алайда көптеген мемлекеттік органдар әдеттегіше істерді Атырау облыстық сот актілерін орындау департаментіне жолдайды. Бүгінде тек Атырау қаласында соттар мен түрлі өкілетті органдар тарапынан мемлекеттік сот орындаушыларына 16 мыңнан астам, соның ішінде жалпы сомасы 1,5 млрд теңге шамасында 3 583 айыппұлды өндіру туралы әкімшілік іс берілді. ҚІІБ, СЭС, әділет, экология департаменттері, ТЖД, жер комитеті, салық қызметі мен балық қорғау қызметі желісінде айыппұлдар көп ресімделген. Учаскелік инспекторлар күніне 20-30 материалдан дайындайды. Ал, Атырау қаласында небары  жеті сот орындаушы жұмыс істейді.

Біздің қызметкерлердің жұмысы өте көп және олар айыппұлдар салу туралы қаулыны дер кезінде орындауға үлгермейді. Сіздер өз істеріңізді тек сол жерге ғана емес, бүгінде Атырауда жұмыс істейтін 16 жеке сот орындаушыларына жолдай аласыздар. Бұл заңмен қарастырылған, - деді сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары Күләнда ҚЫСТАУБАЕВА ҚІІБ мен әкімшілік полиция өкілдеріне қарап. Қазіргі уақытта жеке сот орындаушылардың өңірлік алқасы мен экологтар, салық қызметкерлері және балық инспекциясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.

Бізде айыппұлдар сомасы көп емес, ал жеке сот орындаушылары өз жұмыстары үшін өндірілетін соманың 10 пайызын алатындықтан, бірнеше АЕК мөлшеріндегі айыппұлдар оларды тарта қоймас, - дейді күмәнмен ҚІІБ өкілі Болат ЖАЛМҰХАНОВ.

Сот орындаушыларда ұсақ айыппұлдарды өндіруде, олардың айтуынша, әрқашан да қиындықтар болады екен. Мәселен, полицейлер қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін айыппұл жазып береді. Алайда, бұл адамдардың көпшілігі – жұмыссыздар, қоғамның маргиналды тобы. Сот орындаушыларының олардың мойнында «ілініп» тұрмас үшін бұл айыппұлдарды өз қалтасынан төлейтін де жағдайлары болады.

К.Қыстаубаеваның айтуынша, өкілетті органдар аз ғана сомадағы айыппұлдармен бұрынғыша департаментке келе алады, алайда мұның баламасы бар екенін тағы да атап өтті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА          

5 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.