Луганскі қалалық әкімшілігі ғимаратына жасалған әуе шабуылы. РИА Новости"2 маусым күні болған жағдай туралы Луганскіден қарама-қайшы ақпараттар таратылуда" деп хабарлайды Tengrinews.kz. Әңгіме Украина ӘӘК-нің облыс әкімшілігінің ғимаратына жасалған әуе соққысы жайлы болып отыр. Жасақшылардың мәліметіне қарағанда, әуе соққысының салдарынан жеті адам қайтыс болған, оның ішінде өзін республика деп жариялаған "Луганскі халықтық республикасының" денсаулық сақтау министрі Наталья Архипова да бар.
Ресейлік БАҚ-тар Луганскі облысы әкімшілігінің ғимаратына әуе шабуылы болды деген ұстанымда. Сонымен қатар әуе шабуылы кезінде, көптеген елдерде қолдануға тыйым салынған, кассеталы бомба қолданылғаны айтылуда.
Дәлел ретінде RT телеарнасы Интернетте Луганскі облысы әкімшілігінің ғимаратына жасалған әуе шабуылынан кейінгі алғашқы минуттарда жазып алынған, адам шошырлық бейнежазбаны ұсынды. "Бейнежазбада қираған ғимарат көрінеді. Ағаштар құлап, ғимараттың алды астаң-кестең, әр жерде денесі бөлшектеніп, аяқ-қолдары үзіліп қалған, өліп жатқан адамдар" делінген телеарнадан көрініске қатысты.
Бейнежазбаға қатысты түсінік берушілер Украинаның шығыс аймаққа жасаған кең көлемдегі жазалау шарасына батыс елдері назар аударады деген үмітте.
Алайда, аталмыш оқиғаға қатысты украиналық тарап өзгеше түсінік берді. БҰҰ-ғы Украинаның өкілі Юрий Сергеевтің сөзіне қарағанда, қайғылы оқиғаға террористердің гранатометті дұрыс пайдалана алмауы себеп болған. Украина Қарулы күштерінің генералы Александр Розмазнин "Луганскі облысы әкімшілігінің ғимараты жасақшылар басып алған УҚҚ-нің облыстық басқармасы ғимаратынан жылжымалы зенитті-зымыран кешенінен атқыланған" деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Луганскі облысы әкімшілігінің ғимараты үстіне түскен зымыран УҚҚ-нің облыстық басқармасы ғимаратында орналасқан жылжымалы зенитті-зымыран кешенінің кондиционер бөліп шығарған жылудың салдарынан өз-өзінен іске қосылуынан атылған.
Мұндай мәліметті анитеррорлық шараның баспасөз-офицері Алексей Дмитрашковский де айтты. Оның айтуынша жарылыс ғимарат ішінде болған. Ғимарат сырттан да, әуеден де атқыланбаған. "Жарылыстың басты себебі ату құралын немесе жарылғыш заттарды дұрыс пайдаланбау, не салғырт қарау салдарынан орын алған болуы ықтимал" деп, оның сөзінен дәйек келтіреді "Украинская правда".
Ресми Киев Луганскіде украиналық авиацияның әрекет етіп жатқанын растады. Алайда Украина билігі әуе соққысы болғанын жоққа шығарып отыр. АТО баспасөз орталығының жетекшісі Владислав Селезневтің мәлімдеуінше, авиацияның күшімен Луганскі маңындағы екі блокпост және ондағы жасақшылар жойылған. Десе де, Селезнев облыстық әкімшілік ғимаратына әуе шабуылы болмағанын айтады. "Ұшақ қайта айналғанда оны атып түсірмек болған. Жылу қабылдағыш іске қосылып, жасақшылар өздерін-өздері атып алған, салдарынан облыс әкімшілігі ғимаратының қабырғалары қираған" дейді ол.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки қазірге АҚШ-тың Луганскідегі әуе шабуылына қатысты нақты ақпаратқа ие емес екенін айтады. "Біз ақпарат жинап жатырмыз. Кінәлі кім екені туралы ақпараттар қарама-қайшы" дейді Псаки.
Дереккөз: tengrinews.kz