1 маусымда «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 15-турында «Атырау» қарағандылық «Шахтерді» 3:2 есебімен ұтты.
Командалар жылдам, алма-кезек шабуылдарға иек артқан ойын көрсетті. 30-минутта Андрей КАРПОВИЧ «Атыраудың» серб легионері Марко БЛАЖИЧТАН керемет пас алып, есеп ашты – 1:0. Ал екінші таймның басында ұзаққа созылған шабуылдардың бірінде («Шахтер» қақпашысы допты бірнеше рет қайтарды) Блажич қақпадан саңылау тапты.
Ойын тағдыры шешілгендей болған. Алайда қонақтар мұнымен келіспеді. 64-минутта оң қанаттан көтере берген допты «Шахтердің» португалдық қорғаушысы Яго ФЕРНАНДЕС қақпаға дарытты. Тағы бір он минуттан кейін Тоқтар ЖАНҒЫЛЫШБАЙ алыстан керемет соққы жасады – 2:2.
«Атырау» ойыншылары шабуылдарын үдете түсті. 85-минутта осы матчта белсенділігімен көзге түскен Карповичке қарсы қонақтар өз айып алаңдарында ереже бұзды. Төреші еш ойланбастан 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді «Атыраудың» серб шабуылшысы Милош ТРИФУНОВИЧ сәтті орындады. Ойын соңына дейін осы есеп өзгермеді. Қиын да лайықты жеңіс!
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ