Атырау, 27 қараша 04:40
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жылу: тариф тағы көтеріле ме?

2 481 просмотра

ТМРАД бастамасымен ұйымдастырылған журналистермен кездесуде «Атырау жылу желілері» АҚ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ кәсіпорынның 2014 жылғы инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы айтты.

«АЖЖ» АҚ инвестициялық бағдарламасы 2012-2014 жылдарға арналған. Оның құны – 909 млн теңге, оның 214 млн-ы 2014 жылға салынған. Бұл қаражаттар былай бөлінген: жылу желілерін қайта жарақтау – 125 млн теңге, жабдықтарды жетілдіру, есептеу аспаптарын қондыру, жылуды оқшаулау – 73 млн теңге, автотехника алу – 16 млн теңге.

2012-2013 жылдары Говоров көшесінен СМП-136 арқылы және Елшібектен «Мерей» уақытша сақтау қоймасына (УСҚ) дейін 3,7 шақырым ұзындықта жылу магистралдары ауыстырылды. Қазір УСҚ учаскесінен темір жол вокзалына дейін құбыр диаметрін 325-тен 530 мм-ге дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Привокзальный жылуды қала орталығынан алатын болады. Енді осы үлкен тұрғын үй ауданы ЖЭО-дан тікелей жылытылады. Бұл орталықтағы жылу желісінің жүктемесін азайтып, үнемделген жылуды қаланың оң жақ жағалауына бағыттауға мүмкіндік береді. Ол жақта шағын қазандықтармен жылытылатын Нұрсая ықшамауданының қосылуы арқылы тұтыну көлемінің өсімі байқалып отыр.

- Біз ЖЭО-дан ыстық су алып, оны «кері айналу» жүйесіндегі салқын сумен араластырамыз. Қаланың 44 жылу бекеті мен 2 сорғы станциясында 197 сорғы үздіксіз жұмыс жасайды. 2013 жылы жасалған «Қазэнергосараптама» АҚ қорытындысы бойынша, «АЖЖ» сорғыларының 67%-ы қатты тозып кеткен, сондықтан да жабдықтарды жетілдіруге бағытталған инвестициялық бағдарламаның қаражаттарын біз келесідей бөлдік: есептеу аспаптарын алу – 21 млн теңге, сорғы алу – 17 млн теңге, жылу желілерін пегополиуретанмен оқшаулауға – 35 млн теңге, - деп хабарлады Н. Шамшатов. Пенополиуретан - өте тиімді оқшаулағыш, алайда өте қымбат, сондықтан  да «АЖЖ» АҚ оны құбыр «қабығы» ретінде құяды. Құбырлар жарамсыз болып қалғаннан кейін, «қабығын» екінші рет қолдану үшін сыпырып алынады.

- Инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен жылу шығыны бойынша жалпы көрсеткіштер жақсартылды. 2011 жылы бұл шығын 32,4%-ды құраса, 2012 жылы – 27,8%, 2013 жылы – 24,8%. Үстіміздегі жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті (ТМРАД) бұл санды 24,3%-ға дейін төмендетуге тапсырма берді.

Ал ең басты «тосын сыйды» Н. Шамшатов кездесудің соңына дейін сақтады. Оның айтуынша, қазір кәсіпорын ТМРАД-қа 2015-2017 жылдарға арналған, құны 1,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны бекіту туралы өтінім дайындап жатыр және монополияға қарсы департаментке жаңа жылдан бастап тұрғын үйді жылыту тарифын 33%-ға көтеруге ұсыныс бермекші.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор      

2 маусым 2014, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.