«Облыста көппәтерлі 1486 үй бар. Оның тек 235-і ғана кондоминиум ретінде тіркелген. Қалған қызмет көрсетілмейтін үйлер біртіндеп тозуда», - деп мәлімдеді облыстық әкімдікте өткен кеңесте облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ақылбек БАЙШАХАНОВ.
Байшахановтың айтуынша, ПИК-тердің аз болуы терможаңғырту қарқынына теріс әсерін тигізеді. Дегенмен де, осы бағдарлама шеңберінде 2014 жылы Атырау қаласында 19 үйге күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Осы мақсатқа 648,9 млн теңге бөлінді. Жылыой, Индер және Мақат аудандарында бес үй жөнделетін болады (Құлсары қаласы – 1-ші ықшамаудан №25 үй және 5-ықшам аудан №6 үй; Индербор поселкесі – Қонаев көшесі бойындағы №20 және 21 үйлер, Мақат поселкесі – Мұқашев көшесіндегі №80/8 үй).
Бүгінде «Атырау» ӘКК (терможаңғырту бағдарламасының алғашқы операторы) бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстарын төлеуге келісімшартқа 1 177 пәтер иелерінің 513-і қол қойған. Төлем алымы 34 пайызды құрайды. Бағдарламаның екінші операторы – «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің келісімшарттарына 2 950 пәтер иелерінің 1 800-і қол қойған. Алым – 27 пайыз.
Адамдардың ақша төлемейтіндігіне таң қалатын ештеңе жоқ. Жөндеуді алдымен терможаңғырту бағдарламасының мақсатын түсіндіріп, келісімшарттар жасаған соң ғана жүргізу керек еді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ