Редакциямызға келген Алдамжар ЖАНҒАЛИЕВ есімді Атырау тұрғыны полиция оның ұлы Асхат ЖАНҒАЛИЕВТІҢ өліміне қатысты істі тергемей отыр деп есептейді.
28 жастағы Асхат Жанғалиев 2009 жылдың 26 қарашасында түнгі сағат 12-де С.Датов көшесінің бойындағы «Арын» құрылыс дүкенінің қасында өлтірілген. Оған сол жерде «Макаров» тапаншасынан оқ атылған. ҚР ҚК-нің 96-бабы («Адам өлтіру») бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, кейін «айыпталушы ретінде жауапқа тартылуға жататын адамның анықталмауына байланысты өндірістен тоқтатылған». Алдамжар Жанғалиев прокурату-раға арызданғаннан соң іс қайта қозғалып, кейін сол баяғы бір себеппен тоқтатылған.
Бұған қатысты біздің жолдаған ресми сауалымызға облыс прокуратурасының аға прокуроры Д.ТӨЛЕГЕНОВТЕН мынадай жауап келді:
- Облыстық ІІД тергеу басқармасы А.Жанғалиевтің өлімі бойынша қозғаған қылмыстық істі тергеп, оның қорытындысына сәйкес бұл іс айыпталушы ретінде жауапқа тартылуға жататын адамның анықталмауына байланысты 2013 жылдың 18 мамырындағы ҚР ҚІЖК-нің 50-бабы, 1-бөлігінің 1-тармағы негізінде өндірістен тоқтатылған. 2014 жылдың 28 сәуірінде облыстық прокуратураның зерделеуімен қылмыстық істі қайта жандандырып, қажетті тергеу амалдары жүргізу жөнінде облыстық ІІД-не нұсқау берілді.
- Менде мұндай мәтіндегі жауап бір бума болып жиналып қалған, - дейді Алдамжар Жанғалиев.– Ал, кісі өлтірген адамды ешкім іздемейді. оқ атқан адамның қасында тағы да бірнеше адам болған. Олардың ішінде полиция қызметкерлері де бар. Олар әлі күнге дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істейді, сондықтан, іс тергеліп жатқан жоқ. Менің шыдамым таусылды, мен енді Астанаға, Бас прокуратураға шағымдану үшін аяқтай барамын.
Айнұр САПАРОВА