Облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында өткен дүниежүзілік темекісіз күн айлығына орай ұйымдастырылған баспасөзконференциясы өтті.
- Жыл сайын 4,9 млн адам осы шылым шегудің кесірінен өмірімен қош айтысады. Жыл сайын шылым шегетін 25 мың қазақстандық өкпе обыры, жүректің созылмалы аурулары және т.б. аурудан көз жұмады, - деп хабарлады облыстық наркологиялық диспансерінің нарколог дәрігері Валентина СЕМИОНИЧЕВА. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, өкпе обырының 80-85 пайызы, ерін обырының 80 пайызы, өңеш обырының 75 пайызы, зәр шығару орындары обырының 40 пайызы, көмей обырының 85 пайызы шылым шегу салдарынан орын алады. Қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Жанат РАХМЕТОВА кәмелетке толмағандар арасындағы темекі шегудің алдын алу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті:
- Біздер арнайы белгіленген уақытта қаладағы дүкендер мен сауда орындарында, мейрамханалар мен кафелерде рейд жүргізіп тұрамыз. Рейд барысында жасөспірімдер мен балаларға темекі сату фактілері орын алған жағдайда тиісті шараларын аламыз. Балалардың ата-аналарын шақыртып, ескерту береміз, ал егер осындай жағдай тағы қайталанатын болса, хаттама толтырылып, айыппұл салынатын болады. Бірақ кей кезде ата-аналардың балаларының осындай тәртіпсіздіктерге барғанын біле тұра ешқандай шара қолданбайтындары таң қалдырады. Мәселен, менің өзімнің тәжірибемде мынадай оқиға болды: рейд кезінде темекі сатып алған жасөспірімнің анасы біздің ескертуімізге құлақ аспай, «баламда шаруаларың болмасын, өз баламды өзім тәрбиелеймін, сенің басқа шаруаң жоқ па» деп дүрсе қоя бергені бар.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында темекімен күрес кабинеті жұмыс жасайды, темекі тастаймын деп ниет білдіргендер осы кабинетке келіп, кеңестер ала алады, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Кабинетте 51-05-80 сенім телефоны жұмыс істейді.
Баспасөз конференциясына қатысушылар соңғы уақытта насыбай тартушылардың көбейгеніне де жеке тоқталып өтті. Қала базарларында еркін сатылып жатқан насыбай көршілес елден келіп жатқаны белгілі. Бірақ әзірге оларды сатуға тыйым салынбаған, сондықтан құқық қорғау орындары қызметкерлері оларды саудадан алып тастай алмайтындарына налиды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА