Полицейлер жұдырықтасты
«Мұнайшы» спорт кешенінде полицейлер арасында қолма-қол ұрыс салудан облыстық біріншілік өтті.
Айқастар тартысты өтті, ауыр салмақта екі нокаут болды. Жүлделердің көпшілігі облыстық ІІД пен Атырау қаласының ІІБ-не бұйырды. Жеңімпаздар мыналар: 55 келіге дейін - Айбол Жақсыбаев, 60 келіге дейін - Манарбек Өтеуов, 65 келіге дейін - Темір Темірғалиев, 70 келіге дейін - Бекет Мақсотов, 75 келіге дейін - Сұңғат Қайыров, 80 келіге дейін - Айбек Жақсыбаев, 85 келіге дейін - Санат Нағимов, 90 келіге дейін -Қуаныш Саменов, 90 келіден жоғары - Арғын Сабыров. Бұлардың барлығы да 17-21 маусымда Атырауда өтетін ІІМ қоян-қолтық айқас чемпионатына қатысады.
***
Хабаровскіден келген «қола»
Ержан ОрдабаевХабаровскіде Константин Коротковты еске алуға арналған бокстан беделді халықаралық турнир өтті.
Қазақстан құрамасы сапында атыраулық боксшы Ержан Ордабаев (56 келіге дейін) жарысқа қатысты. Ол алғашқы айқаста латвиялық боксшы Дмитрий Гутманды 3:0 есебімен оңай ұтты, ширек финалда қытай Чунг Юдан айласын асырды. Ал, жартылай финалда Әзірбайжаннан келген Тұрал Ахмедовке есе жіберді. Нәтижесінде Ержан қола жүлдегер атанды.
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды
***
Біржан қосалқы құрамда
«Атырау» ДСК-нде қазақ күресінен «Атырау барысы» іріктеу турнирі өтті.
Жарыста 1-ші және 2-ші орын алған спортшылар астаналық «Сары Арқа» велотрегінде жыл сайын маусым айында өткізілетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне қатысады. Ол жерде жеңімпаздың алтын белдігі мен 150 мың доллар таласқа салынады. Биыл жарыс ережесінде жаңалық бар: егер бұрын қатысушының салмағы бойынша шектеу қойылмаған болса, биылдан бастап палуанның салмағы 80 келіден төмен болмау керек.
Атырауда өткен іріктеу турнирінде де сыйлықтар болды: 1-орын – 500 мың теңге, 2-орын – 150 мың, 3-орын – 100 мың. Жарыс қорытындысында өткен жылғы «Қазақстан барысының» қатысушысы, А. Қыздарбаевтың шәкірті Сұңғат ЗӘКАРИЯЕВ жеңімпаз атанды. 2-орынды ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы М. Әбдуалиевтің шәкірті Бекболат САЛИХОВ алды. Ал үшінші жүлде Біржан МОЛДАШЕВҚА бұйырды. Жарыс ережесі бойынша, егер финалшылардың біреуі белгілі бір себептермен «Қазақстан барысына» қатыса алмаса, үшінші орын алған палуан оны ауыстырады. Сәттілік тілейміз!
***
Олимпиада жүлдегерінен бата алды
Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен «Атырау» ДСК-нде 1997-1998 ж.т. мектеп және колледж оқушылары арасында таэквондодан 7-ші Жазғы республикалық спартакиада өтті.
Жарысқа 190 жасөспірім қатысты. Ашылу салтанатында жерлесіміз, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов сөз сөйледі. Айқастар арасында үзілістерде спортшылар мен көрермендерге Кіші өнер академиясының оқушылары ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті.
Ұтып алған жүлделер бойынша алаң иелері бірінші орын алса, Қызылорда екінші орынға, Шымкент үшінші орынға табан тіреді. Облыс құрамасы сапында келесілер жеңімпаз атанды: 42 келіге дейін – Айдана Еділбаева, 45 келіге дейін - Айтуар Шайкенов, 48 келіге дейін – Алмаз Милятов, 51 келіге дейін - Сағадат Жолдасбаев, 68 келіге дейін - Данияр Базарбаев, 68 келіден жоғары – Айгүл Елубай және 78 келіден жоғары – Мұрагер Жұбаналиев.
***
Әдемі ойын
Авангардтағы 1-ОРМБЖСМ-де мини-футболдан Ардагерлер лигасының шешуші ойындары өтті.
Финалда «Атырау» және «Болат-ардагерлер» командалары кездесті. Ойын аяқталуға үш минут қалғанда есеп тең болып тұрған - 2:2. «Болат-ардагерлердің» шабуылшысы Асқар Жұмағалиевтың шешуші голы турнир тағдырын шешті.
«Алламан» Лиганың қола жүлдегері атанды.
***
Алғашқы айқас
«Атырау» ДСК-нде балалар арасында карате кекушинкайдан (IKO-1 нұсқасы) қаланың ашық біріншілігі өтті.
Жарысқа «Намыс» облыстық карате федерациясының командасы мен Астраханның екі ұжымы қатысты. Барлық 16 алтын жүлденің тең жартысы қонақтардың қанжығасында кетті. Атырау атынан қатысқан қатысушылардың 6-8 жаста екендігін, бұл олардың алғашқы спорттық турнирі болғанын атап өткен жөн. Атыраулық чемпиондардың есімі: Анастасия Смирнова, Мәди Махметов, Димаш Абдығали, Мейіржан Баймырза, Бекасыл Арманұлы, Владимир Мелехин, Игорь Шахов және Нұрасыл Кадырғалиев.
***
Миялыдан - Еуропаға
Миялы ауылында Қызылқоға ауданының 70 жылдығына арналған джиу-джитсудан Қазақстан Кубогы өтті.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен 200-ден аса спортшы қатысты. Командалық есепте 1-орынды алаң иелері, 2-орынды Маңғыстау облысы, 3-орынды Астана қаласы алды.
Облыс құрамасы сапында келесілер чемпион атанды: 15-16 жас – Темірхан Ноғайбаев, Жақсылық Кереев; 17-19 жас –Мұхамбет Оразғалиев, Еркебұлан Серіков; 20 жастан жоғары – Талғат Жұмағалиев, Ерман Майлашев, Айбек Бөлекбаев және Бек Насихатов. Олар маусым айында Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Спортшыларды Ерболат Сатыбалдиев пен ағайынды Айбар және Хайдар Есенғалиевтер жаттықтырады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ