Атырау, 21 желтоқсан 13:07
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Амантай Торғаев: «Еуролигада барлығы соңғы секундта шешілді»

1 642 просмотра

7 мамырда «Атырау» ДСК-нде «Isker» облыстық баскетбол лигасының 2013-2014 жылғы чемпионаты аяқталды. Турнир қорытындысы туралы лига директоры, 3-БЖСМ аға жаттықтырушысы Амантай ТОРҒАЕВ(суретте) әңгімелейді.

КӨШБАСШЫСЫ АРҚА СҮЙЕДІ

- Мектеп лигасы чемпионаты өткен жылдың қазан айында басталды. Оған 22 команда қатысты: 1999-2002 ж.т. жасөспірімдер арасында 10 ұжым, 2001-2002 ж.т. арасында 12 команда. Әр жас ерекшеліктері бойынша  командалар айналма жүйесімен тұрақты чемпионатта ойнап, нәтижесінде төрт мықты команда жүлделерді сарапқа салды.

2001-2002 ж.т. жасөспірімдер арасында тұрақты чемпионатта №№2, 19, 34, 36 мектептер көш бастады. 1999-2000 ж.т. арасында №№16, 2, 11, 34 мектеп командалары турнир кестесінің жоғары сатысына көтерілді.

Кіші топта «қола» үшін №34 және №36 мектептер таласты. Ойын өте тартысты өтті. Нәтижесінде №34 мектеп жеңіске жетті. Финалдық ойын одан да қызықты өтті. №19 мектептің командасы мықты, алайда №2 мектепте облыс құрамасының негізгі құрам ойыншыларының бірі Нұртас Телеубаев оқиды. Ол 2000 ж.т. жасөспірімдер арасында Еуролигаға қатысқан, жасы 1 жыл кіші болса да, екі жас тобы бойынша Қазақстанның күміс жүлдегері. №2 мектеп командасы ең дұрыс тактика – осы көшбасшы арқылы ойнауды таңдады. Нәтижесінде 22 ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті.

Жоғары топта «қола» үшін №11 және №34 мектеп командалары кездесті. Бұл жерде де командада көшбасшы – 190 см бойы бар орталық шабуылшы Ілияс Нағимовтың болуы үлкен рөл ойнады. Ол - Еуролиганың күміс жүлдегері және 1999 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты қоласының иегері. Қарсыластары оған қарсы көп ереже бұзды.

Осы топтың финалында №2 және №16 мектеп ұжымдары күш сынасты. Тартысқа толы өткен ойында қос команда да шебер өнер көрсетті. Алайда №16 мектеп өз басымдығын мойындатты. Осы күні ДСК-ге келіп, өз мектептеріне жанкүйерлік еткен оқушылар мен мұғалімдердің көп болғанын айта кеткен жөн.

Чемпионаттың үздік ойыншылары: ең пайдалы ойыншы – М. Әділхан (№16 мектеп), ең нәтижелі ойыншы – Е. Қайрошев (№16), орталық шабуылшы – И. Нағимов, қорғаушы –Олег Балашов (№2), шабуылшы – Мерей Уәпов (№11). «Isker» корпорациясының атынан барлық 220 қатысушы Атырау Мектеп лигасының және облыстық «Атырау Барыстары» командасының төсбелгілері бар жейдеге ие болды.

Жаттықтырушыларды да атап өткен жөн: №2 мектеп командасын қала құрамасының ойыншысы, Қазақ ССР құрамасына үміткер болған Бақтығали Айжігітов дайындады. Биыл ол екі жас тобын да плейоффқа шығарды.

ШИЕЛЕНІСТІ ШЕШІМ

- Біздің командалар Қазақстанның Мектеп лигасында қалай өнер көрсетті?

- 2013 жылдың қыркүйегінде 2001 ж.т. облыс құрамасы Ж.Тәжібаевтың жетекшілігімен «алтын» ұтып алды. Финалда біздің оқушылар алаң иелерімен кездесіп, 17 ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Қазақстан Мектеп лигасы чемпионатының үздік ойыншыларының арасында атыраулық Мағжан Камалов (№2 мектеп), Н. Телеубай (№34) аталды. Ал, биыл Қазақстанның Мектеп лигасы чемпионатында 1997 ж.т. жасөспірімдер командасы сәтті өнер көрсетуде. Шу қаласында өткен бірінші турда олар барлық7 ойында да жеңіске жетті. Екінші тур қазан айында өтеді деп күтілуде. 1998 ж.т. «Атырау» командасы Шымкентте наурыз айында өткен 1-турдың 7 матчының біреуінде ғана алаң иелерінен ұтылды. Екінші тур қарашада Атырауда өтеді деп жоспарланды.

Лисаковскіде 1999 ж.т. «Атырау» командасы 7 ойынның біреуінде жеңілді. Екінші тур желтоқсан айында Атырауда өтеді.

2000 ж.т. «Атыраудың» ойыншылары Шу қаласында өткен бірінші турдың барлық матчында да ұтты. Екінші тур – желтоқсанда.

-Мектеп Еуролигасында қандай нәтижелер бар?

-Еуролигада әр турдың қорытындысы бойынша үш жүлдегер анықталып, медальдар табыс етіледі. 1998 ж.т. жасөспірімдер командасы Ригада қараша айында өткен бірінші турда екінші орын алды. Латвияның Огре қаласында болған екінші турда да осындай жетістікке жетті. Үшінші қорытынды турнир сәуір айында Калининградта өтті. Команда Мәскеуге автобуспен екі күн жүріп, Калининградқа ұшақпен ұшты. Барған бойда ресейлік «Белгород» пен «Яшкин» командаларын ұтты. Содан кейін Великий Новгород командасынан жеңіліп, алаң иелерінен басым түсті. Шешуші кездесу көш бастап келе жатқан «Огре» командасымен болды. үшінші турдың «алтынын» алу үшін 11 ұпай айырмашылықпен ұту керек еді. Ойын аяқталуға 16 секунд қалғанда біз 10 ұпай айырмасымен ұтып жаттық. Соңғы секундта, финалдық ысқырықпен бірге ойыншымыз Асқар Табешев аса маңызды екі ұпайды қоржынға салды. Өте шиеленісті матч, нәтижесінде Еуролиганың үшінші туры «алтыны» қанжығамызға байланды.

Бірінші турда Еуролиганың үздік бестігіне Ілияс Жүнісов, екінші турда Артем Парфенов пен Рымбек Сағынғалиев, үшінші турда тағы да Р. Сағынғалиев енді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды

29 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.