Қаладағы Сарықамыс ықшам ауданының тұрғындары үйлеріне тым жақын салынып жатқан жанар-жағармай құю стансасының құрылысына шағымданды. Олар бұл құрылысты заңсыз деп есептейді.
Тұрғындар облыс орталығына 2005 жылы Жылыой ауданы Сарықамыс поселкесінен көшірілген болатын.
- Біздерді мұнда Сарықамыс поселкесі Теңізге жақын орналасқандықтан және онда адамдардың өмірі үшін экологиялық жағдай күйсіз болғандығынан көшірді. Енді, міне, үйіміздің алдында тағы да экологиялық зиянды нысан болады! – деп наразылықтарын білдірді Б. ДИНОВ, О. ЕСЕНҒАЛИЕВА, Н.ИСАҒАЛИЕВА, С. АЙТМҰХАНБЕТОВ және басқа да тұрғындар. - 2005 жылы бізге қазір салынып жатқан жанар-жағармай құю стансасының орнында балалар ойнайтын алаң, саяжай болады деп уәде берген болатын, алдады. Өмір бойы мұнайшы болып жұмыс істеген қарттарымыз бензин мен газ иіскеп, тұншығып отыра бере ме? Біздің білуімізше, көлік жанар-жағармай стансасының құрылысы кезінде санитарлық қорғау аумағы тұрғын үйден 100 метр қашықтықта болуы тиіс. Ал, мұнда тұрғын үй мен жанар-жағармай құю стансасының ара қашықтығы 20 метрдей.
Құрылысқа тапсырыс беруші -«Sinooil» ЖШС. Ал, мерді-гер - «СИБ-Строй сервис» ЖШС. Құрылыс жұмыстары осы жылдың 26 наурызында басталған, нысанды тапсыру мерзімі 26 қыркүйекке жоспарланып отыр.
Біз тұрғындармен бірге құрылыс алаңына кірдік. Мердігердің өкілі бізге қолында құрылыс салуға берілген қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының рұқсатын көрсетіп, былай деді:
- Бізге бұл құрылысқа кеткен шығындарымызды өтеп, құрылыс нысанын басқа жерден белгілесе, осы жердегі құ-рылысты қазір-ақ тоқтатамыз.
Содан соң бізге «Sinooil» ЖШС-нің өкілі Рысқали БЕРНИЯЗОВПЕН ұялы телефон арқылы байланысқа шығуға мүмкіндік берді. Ол құрылыстың заңды екенін және оны дәлелдейтін барлық қағаздарды келесі күні редакцияға әкеліп көрсетіп, бәрін түсіндіріп, комментарий беретінін айтты. Алайда, сол күйі келген жоқ. Біздің қалалық прокуратураға жолдаған ресми сауалымызға қала прокуроры Н.ҚАРАШОЛАҚТАН мынадай жауап келді: «Қазіргі күні «Sinooil» ЖШС-нің жанар-жағармай құю стансасы құрылысының заңдылығын құзыретті органдарды қатыстырып, тексеру амалдары жүргізілуде».
Сарықамыс тұрғындары құрылысты тоқтату жөніндегі талаптарымен ҚР Бас прокуратурасына шағымданды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ