Атырау, 27 қараша 04:25
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Әсемгүл Мәскеуді мойындатты

2 876 просмотра

Ағылшын тілін тереңдете оқытатын техникалық гимназияның 11 «А» сынып оқушысы Әсемгүл ҚАЙЫРЖАН (суретте) Мәскеуде өткен «Математика және жобалау» VIII халықаралық байқауында 2-орынға қол жеткізді.

Байқауға Белоруссия, Қазақстан, Болгария және Ресейден 283 қатысушы қатысты. Еліміздің намысын 153 оқушы қорғады, олардың 11-і Атырау облысынан.

Әсемгүл ғылыми жұмыспен 8-сыныптан бастап айналысады, қалалық, облыстық ғылыми байқаулардың жүлдегері болды. Мәскеу байқауына ол математика және информатикамен байланысты тақырып таңдап, оны үш деңгейлі компьютерлік графика арқылы көрсетті. Бір қызығы, қызымызды ғылымға осы сурет салуға деген құштарлық итермелеген еді. Бірде әкесі оған туған күніне арнап компьютер экранына сурет жобалауға мүмкіндік беретін планшет сыйлайды. Содан бері ол компьютерлік графикаға ден қойды. Оның осы «компьютерлік» дамуына Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (ІТ Университет) оқитын ағасы Әлімжан көп әсер етті. Бүгінде Әсемгүл ғаламторда өз блогын жүргізеді, интернет-байқауларға қатысады, өзіндік ерекше суреттер, фотосуреттер, коллаждар жасайды. Әйгілі «Космополитен» жорналы оның суреттерін жариялауға рұқсат сұрағанда қатты қуанды. Ол осы жорналмен болашақта да әріптестігін жалғастырамыз деп үміттенеді.

Мәскеудегі байқауда ол өз тобында ең соңғы, 49-шы болып шықты және қатты толқыды.

- Мен барлығын мұқият тыңдап, қанша талантты  әрі ғылымға шын берілген жастар бар екенін көріп, таң қалдым. Әділ қазылар алқасының төрағасы, Болгар Ғылым академиясының Математика және информатика институтының директоры Сава Гроздев маған көптеген сұрақтар қойды, тапсырмалар берді, бір қарағанда еңбегімді өзім жасағаныма сенбеген тәрізді. Алайда мен барлық тапсырманы орындап, өзім орындағанымды дәлелдеп шықтым. Сава Гроздев мен жасап жүрген заттарды университет студенттері енді ғана оқып жатқанын айтқанда, төбем көкке жеткендей болды.

Қорытындысында бірінші орын Болгариядан келген оқушыға, екінші орын Әсемгүлге бұйырды, ал үшінші орынды Ресей мен Болгариядан келген екі оқушы бөлісті.

Беделді халықаралық байқаудағы жетістігі Әсемгүлге қанат бітіріп, мектептен кейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің электронды журналистика (интернет-медиа) факультетіне түсем деген ниетін бекіте түсті.

- Мен өзімнің ұстаздарымды, сынып жетекшім Алиса Халесқызын, ғылыми жетекшім Гүлжан Есешқызы ҚАДЫРАЛИЕВАНЫ, гимназия директоры София Ғинаятқызы ӘЛІБАЕВАНЫ ешқашан ұмытпаймын. Барлығына айтар алғысым шексіз, - дейді Әсемгүл.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.