Атырау, 27 қараша 04:24
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Форум жақындаған сайын көліктер жаңаруда

2 223 просмотра

Қазақстан мен Ресей елдерінің басшылары қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық әріптестігінің ХІ форумына қонақтардың келуіне байланысты Атырау облысы әкімдігі әрқайсысы $60 000 тұратын, жалпы сомасы 150 млн теңгеге 14 жоғары сыныпты автокөлік сатып алуда. Өткен жылы әкімдік жалпы сомасы 250 млн теңгеге 62 көлік (орта есеппен әрқайсысы - $26 000) сатып алған. Осыншама қымбат автомобильдер бізге неге керек және онымен кімдер жүреді?

Осы мәселе бойынша ақпарат алу үшін біз лотқа тапсырыс беруші – «Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне хабарластық. Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Игілік ӘУБӘКІРОВТІҢ айтуынша, барлық машиналар форумның аса қадірлі қонақтарын қарсы алу үшін отандық өндірушілерден сатылып алынады. Ресей Федерациясының 14 өңірінің губернаторы, біздің және ресейлік министрлер, ҚР барлық облыстарының әкімдері, кәсіпкерлер мен ірі бизнес-құрылымдарының өкілдері келеді деп күтілуде.

Бізге, сондай-ақ, көлік паркін жаңартуға әкімдік машиналарының тозуы да себеп болып отырғандығын айтты:

- Біздің кейбір машиналарымыз 2001 жылдан бері жаңарған жоқ, тозғандары да жеткілікті, - дейді Әубәкіров.– Қажеттілік бар, сондықтан да біз форумды пайдаланып, көлік паркінің бір бөлігін жаңалауды шештік. Алға қарай бұл автомобильдер облыс басшыларының қызметтік көліктері ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, біздің жерімізде осындай деңгейдегі шаралардың үнемі ұйымдастырылатынына байланысты бұл көліктер қонақтарды қарсы алатын болады.

Біз мемлекеттік сатып алу сайтын зерделеп, өткен жылы да облыс әкімі аппаратының 250 млн теңге қомақты қаржыға көлік сатып алғанын анықтадық. 2013 жылы алынған кейбір машиналардың сипаттамасы: «С сыныпты, орташа сынып, жоғары деңгейде жарақтандырылған, ABS, SRS, ГУР, ПЭП қауіпсіздік жүйесі, рөл шеңберінің еңкею бұрышын реттеу тетігі, орталық құлып, берілістерді ауыстыру құралы (КПП) автомат, климат-контроль, круиз-контроль, орындықты жылыту, былғары салон». Жалпы сомасы 87 млн теңгені құрайтын осындай 17 көлік алынған. Яғни, әрқайсысы - $34 000. Немесе келесі: «D сыныбы, орташа сынып, жақсы деңгейде жарақталған, ABS, SRS, ГУР, ПЭП қауіпсіздік жүйесі, кондиционер, орталық құлып, рөл шеңберінің еңкею бұрышын реттеу тетігі». Жалпы сомасы 46,2 млн теңгеге осындай көліктердіңсегізі алынған, бұл әрқайсысы $40 000 тұрады деген сөз.

- Иә, біз өткен жылы да алдық, бірақ ол аудан әкімдеріне, сондай-ақ, қала әкімінің орынбасарларына, түрлі басқармалар мен мемлекеттік құрылымдарға таратылды, мәселен, облыс ІІД үшін «Шкодалар» сатып алдық, - дейді И. Әубәкіров.

Оның айтуынша, былғары салонды көліктер әкім орынбасарлары, ІІД бастығы және оның орынбасарлары үшін алынды. Бұлар, негізінен, жоғары сыныпты «Шкода» және SsangYong маркалы көліктер.

Бір әкімдік көлігі үшін бір айда орта есеппен (жүргізушінің жалақысы мен бензин шығындарын қосқанда) 220-230 мың теңге қаржы кетеді.

Ал бірінші басшыларға келетін болсақ, олар отандық кәсіпорындарда жинақталған автомобильдерге отыруға асығар емес. Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен оның бірінші орынбасары Аслан МУСИННІҢ кезінен қалған 2004-2005 жылғы күміс «мерспен», ал қала әкімі Тойота Ландкрузермен жүр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

29 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.