Шпаргалка-сағаттар, рациясы бар микроқұлаққаптар… Ғаламторда ҰБТ тапсырушылар үшін арнайы «гаджеттер» туралы жарнамалар толып тұр.
Ал жақын күндері Атыраудағы дүкендердің біріне түрлі пәндер бойынша тест жауаптары бар кішкентай кітапша саттыққа түсті.
- Сіріңке қорабындай болатын кітапшаға әр пән бойынша 2,5 мың жауапқа дейін сыйып кетеді. Бұл өнім тез өтеді, - дейді сатушылар. Бұл полиграфиялық өнімде ешқандай шығу мәліметі көрсетілмеген.
«Шпиондық техникаға» келер болсақ, ғаламтор арқылы шпаргалка-сағаттар сатылады. Онымен usb-желісі арқылы бүкіл қажетті материалды жүктеп алуға болады. Қадағалаушылардың қырағы көзінен сақтану үшін тіпті дабыл түймесі де қарастырылған. Қауіп төнген жағдайда ол шпаргалканы қарапайым электронды сағатқа айналдырады.
Әлеуметтік желідегі басқа парақша тұншықтырғыштың «тісі батпайтын» құлаққап пен рацияны жарнамалаған. Бұған бір шақырымдай радиуста сұрақтарды сыбырлап айтып, сол сәтте жауаптарды «миына тікелей» жеткізетін көмекші керек.
Мен телефон арқылы осы техниканы сатушылардың бірімен үрейшіл, күмәншіл оқушы болып хабарластым.
- Мұндай құлаққаптарды сатып келе жатқаныма көп жыл болды, - деді сатушы сенімді үнмен. – Құр жаттап алу саған еш көмектеспейді. Қандай күйзеліске ұшырайтыныңды білесің бе? Тіпті жақсы оқысаң да, бәрін ұмытып қаласың. Ал былайынша 15 мың төлейсің, үш күннен соң құлаққап қолыңа тиеді. Содан соң уайым-қайғысыз жүре бер. Сонымен тапсырыс бересің бе? Тауар тез бітіп қалады, байқа...
Анастасия ПАСТУХОВА