Атырау, 27 қараша 04:44
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бони келмей қалды

2 210 просмотра

26 мамыр күні сағат 21.00-де Атырау облыстық драма театрында 70-80-ші жылдардың аты аңызға айналған диско тобы – «Бони М» ұжымының концерті болуы керек еді. Алайда ол белгісіз жағдайлармен болмай қалды.

Хабарландырулар бүкіл қала ішіне ілінді, билеттер 5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін (сахнаға жақындығына қарай) театр кассасында 26 мамыр күні кешкі жетіге дейін сатылды. Концерт көруге драма театрдың жанына жиналған адамдар сағат тоғыз жарымда ешқандай «Бони М» болмайтынын түсінді, ол аз дегендей, бұл кезде сахнада басқа қазақстандық әнші өнер көрсетіп жатты. Көрермендер бұған наразылық танытып, ақшаларын кері қайтаруды талап етті. Кассада ұйымдастырушылар келмей, ақшаны қайтара алмайтынын айтылды. Драма театр директоры Асылбек ИХСАНОВ өз кезегінде концерттің болмай қалғандығына жауап бермейтінін, залды жалға беріп отырғанын түсіндірді.

Содан кейін концертті ұйымдастырушысы – Мақат ауданында тіркелген «А.К. Қабиева» ЖК өкілі Баршагүл ІЗТҰРҒАНОВА келді. Ол барлық ақшаларды келесі күні сағат 11-де қайтарам деп, сәйкесінше қолхат жазып берді.

27 мамыр күні уәде етілген уақытта адамдар театр кассасына жиналды, алайда Ізтұрғанова келмеді. Ол телефон арқылы ақша алу үшін банкіде тұрғанын айтып, біраз жұбатып қойды.

Болмай қалған «Бони М» концертінің көптеген көрермендері алыс Индер, Исатай, Жылыой аудандарынан келіпті. Ақледен ЖАНАЛИЕВ (суретте)қаладан 170 шақырым жердегі Заборын ауылынан келіпті. Кезінде «Бони М» ұжымының үлкен табынушысы болған екен. Облыс орталығынан концерт туралы хабарландыруды көргенде, қатты қуанып, жастық шағын еске алу үшін түгел отбасына билет алған екен. Басқа адамдар да бірнеше билеттен алыпты...

27-сі күні таңертең мен концерттің ұйымдастырушысы Айнұр ҚАБИЕВАМЕН телефон арқылы сөйлестім. Ол өзінің қазір Астанада екенін, концерт қызығушылықтың төмендігінен, көрермендердің аздығынан болмай қалғандығын, 600 орындық драма театр залында небары 100 орын сатылғанын айтты. Адамдар болмай қалған концертке төлеген өз ақшаларын осы күні түстен кейін ғана алды.

Қазақстанда «Бони М» ұжымының концерті 28 мамырда Ақтөбеде, 29 мамырда Қарағандыда, 30 мамырда Астанада және 31 мамырда Алматыда болады деп жоспарланған. Басқа қалаларда қалай болатынын білмеймін, Атырауда ұятты жағдай болды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Сурет пен бейне сюжет автордікі

28 мамыр 2014, 10:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.