23 мамырда «Атырау ЖЭО» президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ баспасөз конференциясында 2014 жылдың инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы айтып өтті.
Биылғы жылы ЖЭО-на жаңа қуаттылықтар мен техникалық қайта жабдықтауды енгізуге бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 5,6 млрд теңгені, соның ішінде жылу энергиясы бойынша 876 млн теңгені құрайды. Қуаттылығы 60 мегаватт газ турбинасы қондырғысын салу маңызды кезең болып табылады. Электр энергиясын өндіру үшін мұндай жабдыққа бу қажет емес, бұдан басқа ол бу турбинасы қондырғысына қарағанда 8-10 есе тез іске қосылады.
Жыл аяғына дейін К-100 турбинасын монтаждау аяқталатын болады. Ол ЖЭО қуаттылығын 100 мегаваттқа дейін көбейтеді және қайта жарақтау үшін ескі ПТ-60 №6 турбинасын тоқтатуға мүмкіндік береді.
– 2016 жылдың аяғына қарай біз ЖЭО-ны электр қуаттылығы 500 мегаваттқа шығарамыз, - деп жоспарын бөлісті М.Қалиев.– Қазір ол 314 мегаватты құрайды. Бүгінде облыс 180 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Бірақ қатты аяз болған кезде бұл 240 мегаваттқа дейін көбейеді. Облыс бойынша электр энергиясын тұтыну жылына 3-4 пайызға өсіп отырады. Облыстағы экономикалық өсімге байланысты біз энергия тұтынудың жаңа өзгерісін күтеміз. Мәселен, жақын арада АМӨЗ жаңғыртудың келесі кезеңінің аяқталуына байланысты бізге келер жылға қосымша 70 мегаваттқа тапсырыс берді.
Сонымен қатар кәсіпорынның жылу қуаттылығын өндіруді арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылға қарай ол қазіргі сағатына 600-ден 790 гигакалорийге дейін көбейеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор