Атырау қашан да өз самбошыларымен атағы шыққан. Әр жылдары «қарусыз қорғанудың» спорттық бөлігінде Мұхамедрахим Оралбеков, Арсен Хатип, Ринат Ибрагимов, Бисенбай Қошқаров, Жандос Иманбаев, Наурызбек Майлашев сияқты жігіттер чемпион атанды.
Ал, соңғы жылдары әскери самбо жақсы дамып келеді.Жекпе-жектің осы түрімен қазір 1-БЖСМ (аға жаттықтырушы Қайрат Досқалиев) және облыстық джиу-джитсу федерациясы (аға жаттықтырушы Айбар Есенғалиев) шәкірттері белсенді шұғылдануда.
Елімізде, мәселен, Ресейге қарағанда, әскери самбодан ел чемпионаттары жарақат алу қаупінің үлкендігіне байланысты тек ересектердің арасында өтеді. Өткен жылдың маусымында Орал қаласында атыраулық үш спортшы - Әсет Әлдешев, Рустамбек Жереншиев және Арғын Сабыров алтыннан алқа тақты. Үшеуі де Санкт-Петербургтегі әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрамаға алынды. Бұл жарыста Әсет үш айқаста жеңіске жетіп, жартылай финалда әлемнің үш дүркін чемпионы, ресейлік Анатолий Стишакқа есе жіберді. Ол алған «қола» - әлем чемпионаттарындағы палуандарымыздың алғашқы жүлдесі. Ал, Азия чемпионатында Әсет Әлдешев алтын медаль ұтып алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін тапсырды.
Биыл өткен ел чемпионатында Әсет тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап, қарашада Токиода өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Абылай Төлеш, Айбек Бөлекбаев және Талғат Жұмағалиев Алматыда өткен додада күміс жүлдегер атанды. Олар таяу әзірде Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.
Атыраулық әскери самбошылар көп тарапты дайындықтан өтіп жатыр. Аптасына екі рет олар үшін №24 мектептің спорт залында кикбоксингтен (жаттықтырушы Данияр Юсупов) және «Айдар» кәсіби спорт клубында аралас айқастан (жаттықтырушы Сағындық Мекеев) қосымша жаттығулар өткізіледі.
Әсет Әлдешев пен оның жаттықтырушылары демеушілік қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Қайрат Ахметовке алғыс айтады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ