Әскери жігіттер
Атырау қашан да өз самбошыларымен атағы шыққан. Әр жылдары «қарусыз қорғанудың» спорттық бөлігінде Мұхамедрахим Оралбеков, Арсен Хатип, Ринат Ибрагимов, Бисенбай Қошқаров, Жандос Иманбаев, Наурызбек Майлашев сияқты жігіттер чемпион атанды.
Ал, соңғы жылдары әскери самбо жақсы дамып келеді.Жекпе-жектің осы түрімен қазір 1-БЖСМ (аға жаттықтырушы Қайрат Досқалиев) және облыстық джиу-джитсу федерациясы (аға жаттықтырушы Айбар Есенғалиев) шәкірттері белсенді шұғылдануда.
Елімізде, мәселен, Ресейге қарағанда, әскери самбодан ел чемпионаттары жарақат алу қаупінің үлкендігіне байланысты тек ересектердің арасында өтеді. Өткен жылдың маусымында Орал қаласында атыраулық үш спортшы - Әсет Әлдешев, Рустамбек Жереншиев және Арғын Сабыров алтыннан алқа тақты. Үшеуі де Санкт-Петербургтегі әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрамаға алынды. Бұл жарыста Әсет үш айқаста жеңіске жетіп, жартылай финалда әлемнің үш дүркін чемпионы, ресейлік Анатолий Стишакқа есе жіберді. Ол алған «қола» - әлем чемпионаттарындағы палуандарымыздың алғашқы жүлдесі. Ал, Азия чемпионатында Әсет Әлдешев алтын медаль ұтып алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін тапсырды.
Биыл өткен ел чемпионатында Әсет тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап, қарашада Токиода өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Абылай Төлеш, Айбек Бөлекбаев және Талғат Жұмағалиев Алматыда өткен додада күміс жүлдегер атанды. Олар таяу әзірде Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.
Атыраулық әскери самбошылар көп тарапты дайындықтан өтіп жатыр. Аптасына екі рет олар үшін №24 мектептің спорт залында кикбоксингтен (жаттықтырушы Данияр Юсупов) және «Айдар» кәсіби спорт клубында аралас айқастан (жаттықтырушы Сағындық Мекеев) қосымша жаттығулар өткізіледі.
Әсет Әлдешев пен оның жаттықтырушылары демеушілік қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Қайрат Ахметовке алғыс айтады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Атыраулық финал
Ақтауда бодибилдинг, атлет-фигура және модель-фигурадан Маңғыстау облысының 6-шы ашық чемпионаты өтті.
Жарыстарға Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Ақтөбе, Астана, Атырау және Волгоградтан 42 атлет қатысты. Атыраудан барған барлық бес спортшы «бодибилдинг» санаты бойынша сайысқа түсті.
Владимир Мартынов пен Олег Ганус 80 келіге дейінгі салмақ финалында өзара сайысқа түсті, нәтижесінде Олег «алтын», Владимир «күміс» иеленді.
Александр Любин (75 келіге дейін) 4-орын, Николай Котов (90 келіге дейін) 5-ші, Расул Атабаев (жасөспірімдер арасында 90 келіге дейінгі салмақта) 6-орын алды.
Спортшылар мен олардың жаттықтырушысы С.Передистый демеушілері - «Интертек Муди Интернешнл» (директоры Сирил Бейбридж) компаниясына үлкен алғыс айтады.
Суретті түсірген С. Передистый
***
«Атырау» ширек финалға аяқ басты
14 мамырда Өскемен қаласында футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Атырау» командасы жергілікті «Востокты» қосалқы уақытта 2:1 есебімен ұтты.
Ойынның 5-ші минутында «Атыраудың» сербиялық легионері Милош Трифунович гол соқты. Алаң иелері 80-минутта Асылан Жанұзақовтың көмегімен есеп басын теңестірді. Негізгі уақыт осы 1:1 есебімен тең аяқталды, ал, қосалқы уақытта «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Дмитрий Пархачев командасын жеңіске жетеледі.
Осылайша, «Атырау» ел Кубогының ширек финалына жолдама алды. Қатысушылар арасында келесі ойындардың жеребесі тартылған жоқ.
***
Болашақ чемпиондар
Мәскеуде 2000-2002 ж.т. балалар арасында дзюдодан 5-ші халықаралық «Весенние надежды» турнирі өтті.
Жарысқа Ресей, Қазақстан, Германия, АҚШ, Украина, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден 576 жас спортшы қатысты. Біздің еліміздің намысын жаттықтырушы С. Нұралин жетекшілік ететін 8 спортшыдан құралған Атырау облысы құрамасы қорғады.
42 келіге дейін салмақта Ермек Амангелді жеңімпаз атанды. Оңтүстік Корея палуанымен өткізген белдесуінің бітуіне үш секунд қалғанда қарсыласын алып ұрып, төрешілердің жоғары бағасына ие болды. 60 келіге дейінгі салмақта Серікболсын Шынтас финалдық айқаста АҚШ-тан келген қарсыласын тізе бүктірді. Дінмұхамед Шаменов те жақсы өнер көрсетті, алайда қола медаль үшін айқаста жеңіліп қалды. Командалық есепте құрамамыз үшінші орын алды.
***
Алыптар алаңға шықты
Жеңіс күні Исатай-Махамбет алаңында стронгмен (күштік экстрим) және армрестлингтен абсолюттік салмақта турнир өтті.
Жарысқа 60 алып қатысты. Олар үш спорт түрінен сынға түсті. Жарты центнерлік кір тасын көтеруде «Атырау» фитнес-центрінің нұсқаушысы Эдуард Қабдешев үздік нәтиже көрсетті – минутына 22 көтеру. ТШО қызметкері Дмитрий Ли 17 рет көтеріп, екінші болды. Өзін Брайан деп таныстырған тағы бір ТШО қызметкері11 көтерумен үшінші орынға көтерілді.
Зілтемір көтеру бөлігінде 150 келілік темірді жерден беліне дейін көтеріп-түсіруде Д. Ли жеңімпаз атанды (27 көтеру), екінші орында Э. Қабдешев, үшінші орынға «Ренессанс» қонақ үйі фитнес орталығының нұсқаушысы Николай Кучкин табан тіреді.
Жарыстың үшінші бөлігінде алыптар он шақты адам тиеген екі тонналық «Тойота-Хайлюкс» пикабын 25 метр жерден арқанмен сүйреп, күш сынасты. Бұл қызықты сайыста 10,5 секунд нәтиже көрсеткен Э. Қабдешев үздік атанды.
Армрестлинг бойынша додаға 50 адам қаттысты. Бас жүлдені «Атырау» ДСК тренажер залының нұсқаушысы Александр Максин алды.
Спортшылар облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына, қалалық спорт бөліміне, «Атырау» фитнес орталығына, «Оранж» фитнес клубына, «Техноджим» және бас демеуші - «Интертек Муди Интернешнл» (директор Сирил Бейбридж) компанияларына алғыс айтады
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Туыстары да тұғырға көтерілді
Еркінқала орта мектебінің спорт залында спорт ардагері Рамазан Амановты еске алуға арналған волейболдан турнир өтті.
2014 жылғы 9 мамырда Р.Аманов 60 жасқа толар еді. Ол «Еркінқала» командасының құрамында бірнеше рет облыс және Балықшы ауданы чемпионы атанды (1981-1991).
Турнирге округтік әкім аппаратының, мектеп мұғалімдерінің, көрші Ракуша мектебі оқытушыларының, дәрігерлік амбулаторияның, Р. Аманов туыстарының командалары, «Ернияз және К» деп аталатын спорттық ұжым және саз мектебі мен мәдениет қызметкерлерінің біріккен командасы қатысты.
Жарыс қорытындысында «Ернияз и К» жеңімпаз атанса, округтік әкім аппараты 2-орынға, Рамазанның туыстары 3-орынға ие болды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Мәскеуге барады
1-БЖСМ шәкірттері (Привокзальный) Қызылорда облысы Жаңақорған ауылында өткен жастар арасындағы белбеу күрестен Қазақстан чемпионатында екі алтын медаль иеленді.
Әлия Ізім (66 келіге дейін, жаттықтырушы Асылбек Қалиев) мен Эльмира Самиғоллаева (66 келіден жоғары, жаттықтырушы Мейіржан Ісмағамбетов) алтыннан алқа тақты. Жігіттер арасынан Дулат Қабдығали (68 келіге дейін) қолаға қол жеткізді. Эльмира мен Әлия Мәскеуде өтетін әлем чемпионатын қатысу құқығына ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ