Көкшетауда «Тайжарыс» республикалық радио байқаудың финалы өтті. 6-9 жастағы балалар вокалдан, мәнерлеп өлең оқудан, хор және дәстүрлі ұлттық ән айтудан сайысқа түсті.
Алдын ала кезеңнің қорытындысы бойынша финалдық бөлімге 600 үміткердің 100-і өтті. Нәтижесінде Н. Жантөрин атындағы филармонияның Алтынай Жұматина жетекшілік ететін ер балалар хоры 1-орын алды. Ұлдар «Пусть всегда будет солнце» және қазақтың халық әні «16 қызды» айтып, әділ қазыларды тәнті етті.
Жеке әншілер арасынан атыраулық қыз Алтынай Төлеген «Жау, жау, жаңбыр!» және «Қошақаным» әндерімен осындай жетістікке қол жеткізді. «Вокалдық топтар» номинациясында «Атырау» ансамблі 3-орынды иеленді.
А. Жұматина байқауды ұйымдастырушылар қолынан мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хат алды. Балалар мен хор жетекшісі облыстық филармония басшысы Ғаділ Дүйсенғалиевке байқауға бару сапарын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет А. Жұматинанікі