6 мамырда өмірді сақтандыру компанияларына зейнетақы аннуитетінің келісімшарттарын жасауға рұқсат беретін ҚР Ұлттық банкі басқармасының қаулысы күшіне енді.
Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың маусымынан бастап азаматтардың зейнетақы жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына көшіру процесі кезінде зейнеткерлік аннуитет келісімшарттарын жасау уақытша тоқтатылған еді.
Зейнетақы аннуитеті зейнетақыны Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан (БҰЗҚ) алудың баламасы болып табылады. Азаматтардың зейнеткерлік жасқа жеткенше: әйелдердің 50 жастан, ерлердің 55 жастан бастап өмірді сақтандыру компаниясынан зейнетақыларын алуға мүмкіндіктері болады. Аннуитет төлемдерін алушы жұмыс істеуді жалғастырып, міндетті зейнетақы жарналарын аудара алады. Зейнетақы аннуитетінің келісімшартын жасаған кезде оның заңнама белгілеген мөлшерде бір жолғы төлемді алуға құқығы бар. Зейнеткерлік жасқа жеткен кезде зейнеткерлік аннуитет келісімшарты жасалған сақтандыру компаниясының клиенттері қатарынан үш қаржы көзінен: аннуитеттік компанияның өзінен өмірлік (ай сайын мемлекет белгілеген төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын); аннуитеттік компаниямен келісімшарт жасағаннан кейін бірнеше жыл ішінде және зейнеткерлікке шыққанға дейін клиенттің бос қалған есепшотында азғана болса да зейнетақы аударымдарының сомасы жинақталса, зейнетақы қорынан; мемлекеттік зейнетақы (1998 жылға дейін еңбек өтілі болған жағдайда) төлемдерін ала алады.
«Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» өмір сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Атырау филиалындағылар түсіндіргендей, Ұлттық банк бекіткен зейнетақы аннуитетінің келісімшарты бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аудару ережесінде бір өзгеріс пайда болды. Егер бұрын әйелдердің 50 жаста болғанда төменгі зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтау шотында 3,1 млн теңгеден кем болмауы керек болса, қазір 7 637 161 теңгеден кем болмауы қажет. Ерлер үшін 55 жаста – бұрынғы 2,7 млн теңгенің орнына 5 481 124 теңге болуы керек. Зейнетақы аннуитетінің жеткілікті төменгі мөлшерін қамтамасыз ету үшін азаматтардың ерікті зейнетақы жинақтары мен өз қаржыларын пайдалануға құқықтары бар.
Тамара СУХОМЛИНОВА